Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісу облысында жергілікті мәдениет мекемелеріне автокөліктер берілді. Облыс әкімінің атынан техника кілттерін орынбасары Диас Есдәулетов табыстады.
Талдықорғандағы орталық алаңда өткен салтанатты шарада өңір басшысының орынбасары мәдениет қызметкерлерінің Жетісудың өнерін өрістетуге, халықтың рухани дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
"Мәдениет саласы мамандарының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау, мәдениет нысандарын материалдық-техникалық жағынан жүйелі түрде нығайту – біздің басты міндетіміздің бірі. Бүгін саланың техникалық базасын шағын автобустармен және жүк көліктерімен толықтырып отырмыз. Бұл көліктер мәдениет ұжымдарының гастрольдік сапарларға шығуына, қажетті құрал-жабдықтар мен декорацияларды тасымалдауына, түрлі фестиваль, байқауларға қатысуына мүмкіндік туғызып, жұмыс сапасына оң әсер етеді деп сенеміз", - деді Д. Есдәулетов мекеме басшыларына автокөлік кілттерін тапсырды.
Атап өтсек, осы күні облыстағы 8 аудандық, 2 қалалық мәдениет үйлеріне, С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасы, облыстық архив, Көркемсурет галереясы мен Халық шығармашылығы орталығына жалпы саны 13 Газель, 1 жүк көлігі берілді.
Жаңа техникаға ие болған мекеме ұжымдарының атынан Алакөл аудандық Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің директоры Отан Смағұлов сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.
"Бүгін Жетісу өңірінің мәдениет саласы қызметкерлері үшін тарихи күн деуге болады. Сала нысандарына бір күнде осынша көлік беру оқиғасы алғаш рет болып тұр. Бұл – ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген азаматтарға көрсетіліп отырған қамқорлық, бізге шығармашылық серпіліс беретін игілікті іс. Бір ғана біздің Алакөл ауданында 4 жаңа мәдениет нысаны салынып жатыр, соның біреуі жуырда пайдалануға беріледі, 3-еуі келесі жылдың үлесінде. Алдағы уақытта да руханият үшін еселі еңбек ете береміз. Жетісу өңірінің өнері мен мәдениеті жасай берсін", - деді ол.
Атап өтсек, бұл игі шара биыл екінші жыл қатарынан өткізілген «Жер жаннаты - Жетісу» облыстық телевизиялық байқауының марапаттау салтанатымен және гала концертімен жалғасты.
Жалпы, Жетісу облысы құрылғаннан бері мәдениет саласының инфрақұрылымы 36,2 % жаңартылды. Соңғы үш жылда сала мекемелерінің материалдық базасын нығайтуға бюджеттен
1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, музыкалық аспаптар, сахналық киімдер, компьютерлік жабдықтар, басқа да қажеттіліктер сатып алынған. Қазір облыста 300-ден астам мәдениет, архив мекемелері жұмыс істейді.