Дулат Тастекей «Елімай» футбол клубының акционерлік құрамына қызығушылық танытты

229
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZBNT8fTcJD9wajzpE80omtKPzgU8Rj2le3EyQDme.jpg

Қазақстандық танымал кәсіпкер Дулат Тастекей семейлік «Елімай» футбол клубының акцияларын сатып алып, инвестор болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Дулат Тастекей Абай облысының тумасы, ал аталмыш аймақтың намысын бүгінгі күні Премьер-лигада қорғап жүрген жалғыз ұжым – «Елімай». Клуб келер жылы УЕФА Конференциялар лигасының іріктеуінде бақ сынауға дайындалып отыр.

Дереккөздің айтуынша, ел футболын дамыту Тастекейдің жобасында бұрыннан бар жоспарлардың бірі болып табылады.

Еске салсақ, 2025 жылдың тамызында «Елімай» ресми түрде коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Клуб елімізде корпоративтік басқару моделін енгізген алғашқы ұжым болды. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, модель «Реал Мадрид», «Барселона», «Бавария» сияқты жетекші еуропалық клубтарға ұқсас түрде құрылды. Капитал 100 млн теңге көлемінде акция шығару арқылы қалыптастырылды, қазіргі таңда клуб акционерлері қатарында қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар және іскер тұлғалар бар.

Тастекейдің «Елімайға» қызығушылығы Қазақстандағы футбол клубтарын кезең-кезеңімен қаржыландыру процесімен сәйкес келеді. Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубына инвестор болған. Сондай-ақ Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін тағы үш ұжым инвестор тартқан болатын.

Қызылордалық «Қайсар» TAU Group Ltd компаниясының иесі Исламғали Қозбақовқа өтті. Инвестиция көлемі – 12 млрд теңге. Петропавлдық «Қызылжарға» ЦАТЭК компаниясының иесі Сергей Канн иелік етті. Кәсіпкер клубқа жыл сайын кемінде 1 млрд теңге салуға міндеттенді.

Елордалық «Жеңісті» Михаил Ломтадзеге берілді. Ол клубқа арналған футбол академиясын құруға 16 млрд теңге жұмсауға дайын екенін мәлімдеген.

Сонымен қатар, қарағандылық «Шахтер» клубы кәсіпкер Тимур Турловтың қол астына өтті. Танымал кәсіпкер «кеншілерге» 18 млрд теңге бөлетінін жариялаған еді.

Қазіргі уақытта «Тараз» пен «Ертіс» клубтары ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.

Yorumlar
Diğer Haberler