Фото: Reuters
Түркияның сыртқы істер министрлігі соңғы күндері Қара теңізде мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдарға байланысты ресми алаңдаушылық білдірді. Министрлік өкілі Өнджу Кечели 30 қарашада таратқан мәлімдемесінде Гамбия туы астында жүрген Kairos және Virat танкерлеріне жасалған соққылар өңірдегі кеме қатынасы қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіргенін атап өтті.
Кечелінің айтуынша, аталған шабуылдар Түркияның айрықша экономикалық аймағында тіркелген.
«Бұл оқиғалар кеме қатынасы үшін ғана емес, адамдардың өмірі, мүлік және қоршаған орта үшін де айтарлықтай қауіп туғызды», – деді ол.
Шабуылдарға жауапкершілікті Украина өз мойнына алғанымен, Түркияның ресми мәлімдемесінде Киевтің әрекеті тікелей айыпталмаған. Министрлік өкілі Анкараның «қызығушылық танытқан тараптармен байланыста» екенін, Қара теңіз аймағында соғыстың ушығуына жол бермеуге және Түркияның экономикалық мүдделерін қорғауға тырысатынын мәлімдеді.
28 қараша кешкісінде Түркия жағалауында болған оқиғада Kairos және Virat танкерлері соққыға ұшыраған. Украиналық БАҚ деректеріне сәйкес, оларды Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) Sea Baby теңіз дрондары зақымдаған. Екі танкер де жүксіз күйде Ресейдің Новороссийск портына бағыт алған.
Бұл танкерлер Ресейдің санкциядан жалтару үшін қолданатын «көлеңкелі флотына» жататындығымен белгілі. Олар Батыс елдерінің санкциясына іліккен және Ресей мұнайын тасымалдауға қатысқаны үшін халықаралық бақылауда.
Оқиғалар Ресей – Украина арасындағы соғыс теңізге қарай ауыса бастағанын көрсетеді. Қара теңіз арқылы халықаралық жүк тасымалына тәуелді Түркия жағдайдың ушығуы аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін атап өтуде.
Бұдан алдын Қазақстан Украинаға Новороссийск теңіз порты акваториясында халықаралық Каспий құбыр консорциумының аса маңызды инфрақұрылымына бағытталған кезекті мақсатты шабуылға байланысты ресми түрде наразылық білдірген. Астана Киевтің шабуылын екі жақты "қатынасқа залал келтіретін әрекет" деп бағалаған.