«Қоңыр» күйі – саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған жоқтау

1079
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/loZnnmuc6Vdh9KJkb7eKzE3cipd3zeor75v2H8uB.jpg

Күйші Әбікен Хасеновтың замандас-куәгерлердің деректері «Қоңыр» күйінің түпкі төркіні — 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған жоқтау күйі екенін дәлелдей түседі.

Әбікен Хасенов Арқа өңірінің әйгілі күйші-композиторларының мұрасын ел ішіне кеңінен насихаттаған. Шертпе күйдің терең иірімдері мен сыршыл табиғатын халыққа танытып, оның құдіретін сездіріп кеткен дәулескер күйшінің есімі қазақ музыка өнерінің тарихында ерекше орын алады. 

Белгілі журналист Жаулыбай Иманалиев Әбікеннің өміріне қатысты мынадай әңгімені айтып берген еді.

1932–1933 жылдардағы алапат ашаршылықта Әбікеннің бала-шағасы аштықтан, одан қала берді сүзектен түгелдей қырылып қалады. Артынша Сталиннің «асыра сілтеу» саясатының алғашқы толқыны – 1933-1934 жылдардағы қуғын-сүргін басталады. Сол кезде біреулер Әбікенге құпия түрде «Елден тез кетіңіз, әйтпесе сізді де ұстайтын түрі бар»,- деп ескертіп үлгереді. Содан Әбікен Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы елді мекенінен бас сауғалап, Алматыға қарай жол тартады. 

Арып-ашып, әбден титықтап жеткен ол туысы Сәкен Сейфуллиннің үйіне келеді. Елдегі ауыр жағдайды естіген Сәкен мұңлы да сабырлы қалыппен «Енді бұл әңгімені тісіңізден шығармаңыз», - дейді. Сол кезде Сәкен мемлекет қызметінде, жауапты лауазымда жүрген еді. Сөйтіп, Сәкен Әбікенді жуындырып-шайындырып, таза киім кигізіп, адам қалпына келтіреді...

– Қазаныңа етті молырақ салып, жаса. Кешкісін үйге біраз жігіттер келеді, - дейді де Сәкен қызметіне кетеді.

Сәкеннің келіншегі түк те түсінбесе де, оның айтқанын орындайды.

Кешкісін жұмыстан шыққан соң, Сәкен ағаның қасында екі-үш адам ілесіп үйіне келеді.

– Мына кісі менің елден келген жақын ағам еді, - деп Әбікенді елеусіз ғана таныстырады.

Қонақтар тамақ жеп, шәй ішіп болған соң, Сәкен өзінің үйде тұрған домбырасын қолға алып, бір-екі шертеді де, домбыраны Әбікеннің қолына ұстатады.

Шерлі, мұңлы Әбікен домбыраны тартты келіп.Табан астына мұндай байлыққа кенелеміз деп ойламаған қонақтар  аң-таң , бәрінде үн жоқ.

– Оу, жігіттер неге үндемейсіңдер?-дейді Сәкен.

– Мынадай байлықты алдымызға қоя салдыңыз. Мұнда әңгімеге не жорық,- дейді олар.

Сәкен өз жолдастарымен ақылдаса келе Әбікенді жаңадан ұйымдастырылған драмалық театрдың жәй қатардағы артисі  етіп қызметке орналастырады.

– Әзірге күй тартып көзге түспей-ақ қойыңыз. Көпшіліктің ішінде жүре беріңіз. Кейінірек жағдай өзгерер, сосын көре жатармыз, - дейді де қояды Сәкен.

Содан Әбікен аға сахнаға шығып күй де тартпайды, немесе қойылымдардың жауапты рольдерінде ойнамайды. Көпшілік массовканың қарасын көбейтіп жүре береді. Сталиндік асыра сілтеудің екінші науқаны 1937-1938 жылдары Сәкен, Бейімбет, Мағжан, Ілияс тағы басқалар «халық жауы» болып ұсталып кете барды.

Әбікен уәде бойынша күй тартпайды, ешкандай роль де ойнамайды. Көпшіліктің бірі болып жүре  береді. Ұлы отан соғысы аяқталып, 1953 жылы Сталин өлгеннен соң ғана қолына домбыраны алып, өз өнерін көпшілікке жасқанбай көрсете бастайды.

Әбікеннің орындауындағы тоғыз күйдің нотасын алғаш рет қазақтың белгілі композиторы Лаиф Хамиди жазған. Композиторға Әбікеннің өзі барып, оңаша отырып әнгімелесіп,Тәттімбеттің күйлерін орындаған.

– Осы уақытқа дейін мынадай асыл дүниелерге жасырып, қайда жүргенсің?- дейді композитор Әбікенге.

– Мен Сәкенге уәде беріп едім. Сол уәдемде тұрдым. Тәттімбеттің күйлерін бұзып орындаушылар көбейіп барады. Ендігі үндемей жүргенім болмас деп, сізге келіп  отырмын ғой, - дейді Әбікен.

Латиф Хамиди қазақ радиосының қызметкерлеріне звондап хабарлайды. Ондағы жігіттер бұл істі тезінен қолға алып "Күйшіңізді ертіп қазақ радиосына келіңіз,"- дейді. Сонымен Латиф Хамиди, Әбікенді жетектеп радиоға барады. Сондағы жазылған  күйлердің нұсқасы қазақ радиосының «Алтын қорында» күні бүгінге дейін сақтаулы.

Әбікеннің «Қоңыр» күйіне байланысты халық жадында түрлі әңгіме-деректер сақталған. Бір деректе күйші бұл шығарманы ашаршылықта қаза болған сүйген жары мен төрт баласына арнағаны айтылады. Екінші бір нұсқада 1938 жылы «халық жауы» атанып атылған досы Сәкен Сейфуллинді жоқтап шығарған делінеді. Үшінші бір пікірде 1958 жылы 22 ақпанда Қазақстан КП Орталық Комитетінің шешімімен Сәкеннің ресми түрде ақталғанын естіген Әбікен, өткен күннің қасіретін еске алып, жан досына арнап күй шерткен делінеді.

Осы түрліше нұсқалардың пайда болуы – сол дәуірдегі саяси қысымның салдары. Күйдің шынайы тарихын айқындау барысында жазушы Жүсіп Алтайбаев пен жазушы Ақселеу Сейдімбек күйге қатысты өз пікірлерін білдіргенімен, күйдің нақты шығу тарихына қатысты әңгіме екіұшты болып қалған. Мұның бір себебі – сол кезеңнің саяси ахуалына байланысты сақтықтан туындаса, екінші себебі – күйшіге қатысты нақты жазба деректердің аздығында еді.

Белгілі жазушы Кәмел Жүнісов те «Қоңыр» күйінің тарихына қатысты маңызды деректер келтіреді. Оның жазуынша, Әбікен бұл күйді алғашында «Қайран, азаматтар-ай!» деп атаған. Күйші Алматыда жүрген жылдары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты алаштың ардақты азаматтарымен тығыз араласқан. Сол қайраткерлердің бірінен кейін бірі тұтқындалып, ақыры атылғанын естігенде, Әбікеннің жанын торлаған қасіретті мұң осы күйдің тууына себеп болған. Кәмел Жүнісов бұл деректі күйшінің үзеңгілес досы Жүсіп Алтайбаевтың аузынан естігенін жазады. Алайда қатаң саяси бақылау дәуірінде мұндай мазмұндағы шығарманы жұрт алдында орындау аса қауіпті еді. Сол себепті Жүсіп Алтайбаевтың «Әбеке-ау, мынаны ешкім естімесін, оттан аман қалған азаматтарға зияны тимесін»,- деген ескертуінен кейін, Әбікен бұл күйді көпшілік алдында тартудан тартынған.
Сәкеннің немере қарындасы Рымжан Мәжитқызының естелігі, сондай-ақ Жүсіп Алтайбаев пен Кәмел Жүнісов сияқты замандас-куәгерлердің деректері «Қоңырдың» түпкі төркіні — 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған жоқтау күйі екенін дәлелдей түседі.

Әбікеннің «Қоңыры» — қазақ күй өнеріндегі ең толғаулы да терең ойлы туындылардың бірі. Оның әрбір иірімінен мұң мен қайғы ғана емес, арман мен ар-намыстың үні де айқын сезіледі. Әбікен шерткен сол қоңыр әуен қазақтың жанына сіңіп, ұлт жадынан өшпес орын алды. Сондықтан да «Қоңыр» — бір дәуірдің мұңды естелігі ғана емес, қазақ халқының тарихи зердесінде мәңгі сақталған музыкалық ескерткіш.

                   Мұрат Әбуғазы

ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеуші,
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,
«Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті

 

Yorumlar
Diğer Haberler