Ауғанстанда 200 ғана қазақ бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ауғанстан қазақтары мәдени орталығының басшысы, белсенді Асадулла Халықберді жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
"5 қазанда Ауғанстанның "AMU TV" сайты "The Times of CentralAsia" агенттігіне сілтеме жасап жарияланған "Ауғанстанда 200-ге жуық қазақ бар" деген мақалаға байланысты, Ауғанстан қазақтарының тарихын зерттеуші ретінде бұл мақаланың ешқандай дәлелсіз, зерттеусіз, жалған ақпаратқа сүйеніп жазылғанын айтқым келеді", - деп мәлімдеді Асадулла Халықберді Ауғанстан қазақтары мәдени орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында.
Белсендінің айтуынша, Ауғанстанға қазақтардың қоныс аударуы бірнеше кезеңдерге бөлінеді.
"Алғашқы қоныс аудару XIX ғасырдың соңғы жартысында басталды. 1847 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы қайтыс болған соң 1854 жылы Ресей империясы Алматыдағы Верный қамалын салдырып, қазақтың құнарлы жерлерін тартып алып, орыс шаруаларын жаппай қоныстандырды. Жерінен айырылған қазақтар жан-жаққа кетті. Кенесары қайтыс болған соң оның екінші әйелі мен ұлы Сыздық Қоқан хандығының құрамындағы Түркістанға көшіп келеді. Сыздық ауыл молдасынан білім алып, 16 жасында Қоқан хандығында әскери қызметте істейді. Әскери ұрыстарда ерекше көзге түскен соң оған Қоқан ханы "Пансат басы" (бес жүз әскербасы) атағын береді. Ол өзінің әскерімен Түркістан, Шымкент, Ташкент қалаларын орыс отаршылдарынан қорғап тұрды,"- дейді Асадулла Халықберді.
"Өкінішке қарай, 1865 жылы орыс отаршылдары Қоқан хандығын басып алды, ол уақытта Сыздық батыр әскерімен Қашқарды қытайлардан қорғау үшін соғысып жатқан еді. Қоқан хандығын орыстар басып алған соң оның құрамындағы қазақтар мен өзбектер Бұхара, Хиуа, Куляб және Ауғанстанға қоныс аударды, қазіргі Ауғанстандағы қазақтардың дені Жетісу, Тараз, Шымкент, Түркістан, Сыр өңірі, Маңғыстау жақтан келген қазақтар еді»,- дейді Ауғанстан қазақтары мәдени орталығының басшысы.
Зерттеушінің айтуынша, қазақтардың көпшілігі Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан. Бүгінде олардың ұрпақтарды бірнеше қалада өмір сүреді.
«Екінші көші-қон толқыны 1928–1932 жылдары болды. Оған Ресей империясының қолдан жасаған ашаршылығы себеп болды. Одан бөлек, 1847–1922 жылдар аралығындағы түрлі ұлт-азаттық көтерілістер кезінде де қазақтар бас сауғалап, көрші елдерге көшіп отырған. 2020 жылы біз Ауғанстан қазақтарының шежіресі мен санын зерттеу мақсатында арнайы ғылыми топ құрдық. Данияда тұратын, Ауғанстаннан қоныс аударған Акбар Аюби мырзамен бірге бірнеше жылдық жұмыс нәтижесінде нақты мәліметтерге қол жеткіздік. Зерттеу барысында әр қазақтың шыққан тегі, жеті атасы және Қазақстанның қай өңірінен келгені анықталды. Осы деректерге сүйене отырып, қазіргі таңда Ауғанстанда 5 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатқанын нақты айта аламыз»,- деп толықтырды Асадулла Халықберді.
Бұдан алдын тарихшы, шығыстанушы Жомарт Жеңісұлының Ауғанстандағы қандастар туралы «Әмудария қазақтары» атты кітабының жарыққа шыққаны хабарланған еді. Осы тарихи-этнографиялық зерттеуде Ауғанстанды мекен еткен қазақтар туралы кеңінен баяндалған. Шетелге қоныс аударған қандастарымыздың күнкөрісі, шаруашылығы, мәдениет пен білім деңгейі, қазіргі ахуалы зерделенген. Кітап авторы 2023-2024 жылдары Ауғанстанға екі рет сапар шегіп, 100-ден аса кейіпкермен сұхбаттасқан. Нәтижесінде 232 беттен тұратын құнды еңбек Қазақстан мен Орталық Азия тарихын зерттеу институты ғылыми кеңесінің шешімімен басылған.