Көмір шахтасындағы жарылыс. 6 ауған азаматы қаза тапты

1255
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/F0fKjMaq831LOb78K1K9CI2vVGikswxUO6hSIRg8.png

Тәжікстанның Соғды облысындағы көмір шахтасында болған жарылыстан Ауғанстанның алты азаматы қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Tasnim агенттігіне сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай Айни ауданында болған. Жарылыс кезінде туннель ішінде алты адам болған, олардың барлығы да мерт болған. Марқұмдардың денелері әлі де үйінді астынан шығарылған жоқ. Қазіргі таңда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Қаза тапқандардың бесеуі – Ауғанстанның Дайкунди провинциясының тұрғындары, тағы біреуі – Гор провинциясындағы Лал-Васр-Джангал ауданының азаматы. Тәжік билігі марқұмдардың есімдерін әзірге жариялаған жоқ.

Мамыр айында Соғды облысындағы басқа көмір шахтасында осындай қайғылы жағдай болған. Оның салдарынан Дайкунди провинциясынан келген сегіз ауған жұмысшысы үйінді астында қалып, көз жұмған еді.

Айта кетейік, Тәжікстанның көмір шахталарында жүздеген ауған азаматы еңбек етеді. Олар өз елдерінде табыс табу мүмкіндігінен айырылғандықтан, отбасыларын қамтамасыз ету үшін осында келген. Жұмысшылардың айтуынша, ауыр еңбек жағдайы мен қауіпсіздік шараларының жоқтығынан өлім-жітім жиі болады. Алайда ауған жұмысшыларына шағымдануға немесе БАҚ өкілдерімен сөйлесуге тыйым салынған. Бұзған жағдайда айыппұл немесе елден депортациялау қаупі бар.

Yorumlar
Diğer Haberler