Барлық мұғалім әскери қызметтен толық босатылды

472
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1JslMzzYEyVD2dNLqsenCPXjnWEa1PgyGzBSnKQ0.jpg

Тәжікстанда барлық педагогтар әскери қызметтен босатылды. Бұған дейін жеңілдік тек ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерге ғана қолданылып келген деп хабарлайды "Адырна". 

«Азия-Плюс» басылымының хабарлауынша, тиісті түзетулер «Әскери міндет және әскери қызмет туралы» заңға енгізілді. Құжатты республика парламенті қабылдаған. Енді оны Мәжлиси милли (Жоғарғы жиналыстың жоғарғы палатасы) мақұлдап, президент қол қойғаннан кейін заң күшіне енеді.

Тәжікстан Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Хомид Хошимзода бұл өзгерістердің негізгі мақсаты мұғалім мамандығының беделін арттыру және білім беру саласындағы кадр тапшылығын жою екенін айтты.

Министрліктің дерегінше, 2025-2026 оқу жылының басында ел мектептерінде 3800-ден астам мұғалім жетіспеген. Бұл –  биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 13 мың түлек оқуын аяқтағанына қарамастан тіркелген көрсеткіш.

Сарапшылар тапшылықтың себебін бірнеше факторлармен байланыстырады:

  • жас мамандардың уәде етілген жер телімдері мен әлеуметтік жеңілдіктерді алмауы;
  • жалақының төмендігі;
  • әскери қызметке шақыру кезіндегі қысым.

Мәселені шешу мақсатында үкімет «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, оны Мәжлиси намояндагон (төменгі палата) қабылдады.

Жаңа заң мұғалімдердің құқықтық, әлеуметтік және қаржылық мәртебесін бекітіп, олардың кәсіби беделі мен еңбегін қорғауға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, мұғалімдерді сенбілікке немесе мектеп ішінде ақша жинау сияқты міндеттерге тартуға тыйым салынады.

Yorumlar
Diğer Haberler