Жазасын кейін өтейтін шенді неге тойда жүр? Министрлік жауап берді

1261
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W8etExxmunaIAtQvZzIRJkoCrmSFXgHrbZjdUb1U.webp

ІІМ Атырауда өткен тойда жүрген Бақытгүл Хаменова түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Хаменова шартты түрде сотталған және пробация қызметінің бақылауында.

«Бақытгүл Хаменова Атырау қаласының №2 сотының заңды күшіне енген үкімімен жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты сот ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес үш жыл мерзімге, бірақ баласы 14 жасқа толғанға дейін жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолданды», — делінген жауапты орган хабарламасында.

Комитет өкілдері сотталған азаматша кейінге қалдыру кезеңінде заңда белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті екенін атап өтті. Атап айтқанда, оған елден шығуға тыйым салынған, ол кемінде тоқсанына бір рет пробация қызметінде белгіленіп отыруы тиіс.

Сондай-ақ, Хаменова тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда немесе басқа өңірге шыққанда пробация қызметін хабардар етуге, қызметкердің шақыруы бойынша келуге міндетті. Пробация қызметі мен әкімдік өкілдері оның баласының тұрмыс жағдайын тексеріп отырады.

Сонымен қатар комитетте атап өткендей, сот шешімімен мәдени немесе қоғамдық іс-шараларға қатысуға тыйым салу қарастырылмаған.

Айта кетейік, 2022 жылғы 15 қарашада Атырау қалалық соты облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үкім шығарды. Ол пара алу бабымен кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler