Орынбор зауыты жұмысының тоқтауы Қазақстанға газ жеткізуге әсер еткен жоқ - Министр

1235
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UUUK9naduqgTb6epF9jOeHawb7GfZFIpiNltLozN.webp

Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылынан кейін оның жұмысы уақытша тоқтатылғанымен, бұл жағдай Қазақстанға газ жеткізуге әсер еткен жоқ екені айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы ҚР энергетика министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та тараған Астана мен өзге өңірлерде газ тапшылығы туындауы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Газбен жабдықтау толық көлемде, штаттық режимде және ешқандай шектеусіз жүзеге асырылып жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.

Энергетика министрлігі атап өткендей, газ жеткізудің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер есебінен қамтамасыз етілуде. Барлық жетіспейтін көлемдер қолданыстағы келісімшарттар аясында жедел түрде толықтырылады. Сондықтан ішкі нарықтағы тұтынушылар, соның ішінде елордадағы ЖЭО-лар үшін газ тапшылығы жоқ және болжанбайды.

Орынбор ГӨЗ-і алдағы уақытта қазақстандық газды қабылдауды қайта бастайды деп күтілуде. Ал әзірге Қарашығанақ кен орнындағы оператор өндіріс көлемін уақытша шектеулі түрде азайтқан.

«Бұл шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу міндеттемелеріне әсер етпейді. Зауыт жұмысы толық қалпына келген соң өндіріс жоспарлы көрсеткіштерге қайта оралады», – делінген министрлік хабарламасында.

Reuters агенттігінің дерегінше, Орынбор зауытының тоқтауынан кейін Қарашығанақта мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 25–30 пайызға азайған.

Yorumlar
Diğer Haberler