Балалар арасында шешек ауруы көбейді

707
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/07/skoryj.jpg

Алматы қаласында балалар арасында шешек ауруының көбеюі тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың тоғыз айында бұл аурудың жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда шамамен 39 пайызға артқан. Қалалық балалар жұқпалы аурулар клиникалық ауруханасының директорының айтуынша, осы кезеңде 183 бала ауруханаға жатқызылған, олардың ішінде ауыр асқынған түрлермен түскендер саны 40 пайызға көбейген.

Мамандардың түсіндіруінше, шешек – ауа арқылы жұғатын вирустық ауру, ол денеде қышыну мен көпіршіктердің пайда болуымен сипатталады және көбінесе балалар арасында тарайды. Ауру тыныс алу мен жүйке жүйесіне де әсер етуі мүмкін.

1–14 қазан аралығында 14 бала жансақтау бөліміне түскен. Олардың кейбірінде екі жақты өкпе қабынуы, тырысу және тыныс жетіспеушілігі байқалған.

Дәрігерлрдің айтуынша, көптеген балалар ауруханаға кеш жеткізіледі.

«Ата-аналардың көпшілігі аурудың 8–10-күні келіп жатады. Сол кезде ауру асқынып кетеді де, емдеу қиындайды», — деді қалалық балалар жұқпалы аурулар клиникалық ауруханасының директоры.

Қазір ең көп жағдай мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар арасында тіркелген. Бұл барлық науқастардың 61,7 пайызына тең.

Шешекке қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілмеген, сондықтан көпшілігінде иммунитет тек ауруды өткергеннен кейін ғана қалыптасады.

Yorumlar
Diğer Haberler