«Атамекенге» жарна төлеуге қарсы петиция әзірленіп жатыр

774
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nTFJe1oyN4zqzbtFpvYz9cvMFwGfrUtgtns471fG.jpg

2026 жылдың басында кәсіпкерлердің түрлі қауымдастықтары бірігіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жарна жинауға қарсы петиция жариялауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DALA INSIDE-қа сілтеме жасап.

Дереккөздің айтуынша, бизнес өкілдері қазіргі таңда бұл палатадан ешқандай нақты пайда көріп отырған жоқ. Керісінше, «Атамекен» кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіретін қосымша тосқауылға айналып барады.

"Шағын кәсіпкерлерді айтпағанда, палата орта және ірі бизнес өкілдерінің де корпоративті және қосылған құн салығына қатысты құқықтарын қорғай алмады. Үкіметке өз сөзін өткізе алмай отыр. Кейде тіпті бизнеске зиян келтіріп жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан кәсіпкерлер «палатаның шығынын бизнес емес, Үкімет өтесін» деген пікірде", – дейді дереккөз.

Мамандардың айтуынша, егер келесі жылы кәсіпкерлер мен «Атамекен» арасындағы қайшылық шиеленісе түссе, 2027 жылы палатаны тарату немесе қайта құру мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін.

Палатаның қазіргі төрағасы Райымбек Баталовтың жұмысы да сынға ұшырауда. Кәсіпкерлердің айтуынша, Баталовтан үлкен үміт болғанымен, ол ақталмаған. Бұрынғы төраға Абылай Мырзахметовпен салыстырғанда, Баталовтың дауысы қоғамда естілмей отыр.

"Мұнда мәселе жеке тұлғада емес. Басқа басшы келсе де, «Атамекен» тиімді бола алмайды. Мәселе ұйымның құрылымында. Ол алғаш құрылған кезде сол уақыттың проблемаларын шешу үшін жасалды. Қазір заман өзгерді, ал палата сол күйінде қалды. Немесе оны түбегейлі қайта құру қажет", – дейді дереккөз.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының биылғы бюджеті 12 миллиард теңгеден асады. Оның 10,7 миллиарды кәсіпкерлер төлейтін жарналардан жиналады. Негізгі жарнаны палата ірі бизнес өкілдерінен алады.

Бұл қаражаттың басым бөлігі жалақы, кеңсе жалдау және қызмет көрсету шығындарына жұмсалады. Кәсіпкерлердің айтуынша, палата қазір бизнеске нақты көмек бермей, «ата-анасы алып берген балмұздақты жеп отырған бала» секілді көрінеді.

Yorumlar
Diğer Haberler