Алматы маңындағы Алатау қаласын дамыту мақсатында мемлекеттік қор құрылу құрылмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.
Бұл туралы мәжіліс депутатының сауалына жауап берген ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов айтты.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаланың Үкіметке тікелей бағыну мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты Президент Жарлығы аясында стратегиялық шешімдер қабылдайтын Алатау қаласын дамыту мәселесі бойынша кеңес және операциялық қызметке жауапты Alatau City Authority мемлекеттік қорын құру көзделген», — делінген Үкімет басшысының жауабында.
Премьер-министрдің сөзінше, Алатау қаласына арнайы мәртебе беру мәселесін заңнамалық деңгейде бекіту жоспарланып отыр. Бұл акт цифрлық актив айналымын реттеу, халықаралық стандарттарға сай құрылыс жүргізу, технологиялық инновациялар мен жасанды интеллектіні енгізу, «Alatau» арнайы экономикалық аймағының қызметін үйлестіру бағыттарын қамтитын болады.
«Қала құрылғаннан бері мемлекет мұқтажы үшін шамамен 593 гектар жер учаскесі алынған, жыл соңына дейін тағы 2,4 мың гектар аумақ алу жоспарланып отыр», — деді ол.