Аида Балаева: 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған

1377
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/anao8AhA62kSyIAJu0i1k3Z61mSCXn5svooyZgCD.jpg

Аида Балаева өзінің Facebook-тегі парақшасында елімізде ескерткіш орнату мәселесіне қатысты жазба жариялады.

 Ол Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай Алматы облысы, Өтеген батыр ауылында ұлы композиторға арналған жаңа ескерткіш пен мәдениет үйінің ашылуына тоқталып, бұл шараны халқымыздың өнер мен мәдениетке деген ерекше құрметінің көрінісі деп бағалады.

Министрдің айтуынша, Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші жоғары көркемдік талғаммен жасалып, ұлт рухын айшықтайтын ерекше туындыға айналған.

Сонымен қатар Аида Балаева елдегі ескерткіш орнату ісінде заң бұзушылықтардың жиі кездесетінін атап өтті. Оның мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанның он өңірінде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған. Ең көп заңсыз ескерткіштер Түркістан (17) және Қостанай (15) облыстарында тіркелген.

«Тіпті республикалық комиссия қолдамаған жобалар да өз бетімен орнатылып кеткен. Кейде ескерткіштер жеке меншік аумақтарға қойылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті ескерілмей жатады. Сондықтан ескерткіш орнату — тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек», — деп жазды министр.

Ол демеушілер мен меценаттарды заң талаптарын сақтауға шақырып, жергілікті атқарушы органдарға бұл бағыттағы бақылауды күшейтуді тапсырды.

Министрдің айтуынша, ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес, әрбір жаңа ескерткішті орнату облыстар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жатады. Монументалды өнер нысандарын орнату тәртібі министрлік қағидаларымен реттеледі.

Сондай-ақ Аида Балаева Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ережені бұзғандарға айыппұл қарастырылғанын еске салды:

жеке тұлғаларға – 10 АЕК,

лауазымды және шағын бизнес өкілдеріне – 50 АЕК,

орта бизнес субъектілеріне – 100 АЕК,

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 АЕК көлемінде айыппұл салынады,
сондай-ақ жұмыстарды уақытша тоқтату шарасы қолданылады.

«Тарихқа адалдық тәртіптен басталады. Ескерткіш — бұл өткенге құрмет белгісі ғана емес, келер ұрпаққа деген ортақ аманатымыз», - деп түйіндеді министр.

Yorumlar
Diğer Haberler