Жолда жылқыға соғылмаудың жөні - көліктің жарығын әлсірету

1445
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8srsDV5dUtebJMGFk3LBHQb7w6113p8actG1CbR0.jpg

«Павлодар-Қызылорда» автожолында Тойота маркалы көлік жол үстінде тұрған жылқыға соғылған. Апат салдарынан екі жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды "Адырна". 

Полиция таратқан мәлімет бойынша, 2 қазан күні Атамекен ауылынан 17 км жерде, «Павлодар-Қызылорда» автожолында «Toyota Alphard» автокөлігі жылқыға соғылған. Жол апаты салдарынан көлік жолдан шығып кетіп аударылған.

 "Жол-көлік апаты салдарынан екі жолаушы қаза тауып, жүргізуші жарақат алды. Полиция аталған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында жылқы иесінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі", — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

 Тәртіп сақшылары мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін сақтау, көлік құралының техникалық жағдайын үнемі бақылау маңызды екенін еске салады.

Тәжірибелі жүргізушілер мұндай жағдайларда көлік шамының жарығын азайтып, жануарды үркітпеуге тырысады. Алайда, мұндай әрекеттің салдарын білмейтін кей жүргізушілер керісінше — жарықты өшіріп-жанып немесе күшейтіп, жануарды одан әрі үркітіп жібереді. Көзі жарыққа шағылысқан жылқы бағытынан жаңылып, сол жарыққа қарай ұмтылып, соқтығысуы мүмкін.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жол-патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерге жануарлармен жолда кездескен кездегі қауіпсіз әрекет алгоритмдерін түсіндіруі және үнемі ескерту жұмыстарын жүргізуі маңызды.

Yorumlar
Diğer Haberler