Тоқаев: Жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуы тиіс

1004
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lN3hOx7iNdZXq2XljsVJHJk0Nw4FZ4YUAiTkq9Oc.jpg

Бүгін, 2 қазанда Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Форумның пленарлық отырысында cөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалануды, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыруды басты міндет ретінде атады.

«Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Бұған бәріміз куә болып отырмыз. Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе, ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр.  Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру»,—деді ол.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні әскери салада қолдануға болмайтынын баса айтты.

«Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз»,—дее толықтырды Тоқаев.

Айта кетейік, жиынға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қатысып отыр.  Спикерлердің қатарында Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері бар.

Yorumlar
Diğer Haberler