«Қайрат» – «Реал» матчы. Депутат ұйымдастырудағы олқылықтарды сынға алды

1452
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/M0MRU4mgLz7vRepYzftAGFeVdtlnRvVmPwqbSdxp.jpg

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда өткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының ұйымдастырылуында олқылықтар болғанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол билетке қомақты қаржы төлеген жанкүйерлердің үлкен кезек пен қысымға тап болып, стадионға ойын басталғаннан кейін ғана кіре алғанын мәлімдеді.

«Ұйымдастыру жұмыстары сын көтермейді. Халықтың қыспағы қауіпті жағдайға әкелді. Арасында балалар да болды.  Оқиға орнында ЖҚАЖ, ІІМ және ішкі әскер қызметкерлері болды, бірақ олар көрермендерді кіргізуге көмектеспей, тек қарап тұрды», деді депутат.

Базарбектің айтуынша, қолында билеті бар көптеген жанкүйер алғашқы ысқырықтан кейін де 10–20 минут күтуге  мәжбүр болған. Ал дәліздерде билеті жоқ жандар отырып алған. Билет бағасы шарықтап кеткеніне қарамастан, ұйымдастырушылар қарапайым жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаған.

Сондай-ақ депутат матчқа шамамен 5 мың билет «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және басқа да ұлттық компаниялар қызметкерлері тарапынан сатып алынған болуы мүмкін деген ақпаратты тексеруді талап етті.

«Егер бұл расталса, өте маңызды сұрақ туындайды. Билеттер жеке қаражатқа алынды ма, әлде мемлекеттік ресурстар есебінен бе? Бюджет қаржысын мұндай мақсаттарға пайдалану мүлдем жол берілмейді»,– деп атап өтті Базарбек.

Ол құқық қорғау органдарын билет саудасындағы ықтимал алыпсатарлық схемаларды тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.

«Қайрат» алғаш рет Чемпиондар лигасында ойнап жатыр. Сондықтан матчы ұйымдастыруда да жоғары стандарттарға сай болуымыз керек»,– деді депутат.

Yorumlar
Diğer Haberler