Полицияға әкесі тапсырған. АҚШ-та Чарли Кирктің өліміне қатысты күдікті ұсталды

1694
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QGWMOOavD328M5DjQ047xdmkGWQqxvew47mjiT0D.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп консервативті комментатор Чарли Киркті өлтірді деген күдікпен 22 жастағы Юта штатының тұрғыны Тайлер Робинсон ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Күдіктіні полицияға  өз әкесі тапсырған.

«Менің ойымша, біз оны жоғары ықтималдықпен ұстадық. Бұл іске оған ең жақын адам көмектесті. Ол – оның әкесі», – деді Трамп  

CNN және ABC телеарналары күдіктінің әкесі алдымен ұлын берілуге көндіргенін, кейін жастар шіркеуінің қызметкерімен хабарласқанын, ал оның АҚШ маршалдары қызметіне ақпарат бергенін нақтылады.

Юта штатының губернаторы Спенсер Кокс та арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, күдіктінің туыстарына алғыс айтты.

«Олар дұрыс қадам жасады. Өз баласын полицияға алып келу оңай шешім емес, бірақ олар әділеттілікті таңдады», – деді ол.

Трамп бастапқыда тергеушілердің қолында ешқандай нақты дәлел болмағанын айтты.

«Біз тек видеодан бастадық. Онда күдікті құмырсқа секілді ғана көрінді – пайдасы шамалы жазба еді. Бірақ бір адамның жүргенін байқадық», – деді Трамп.

Сондай-ақ ол Чарли Кирктің өліміне қатысты терең қайғырып отырғанын жеткізді. Егер сот Робинсонды кінәлі деп тапса, оны өлім жазасына кесуге үміттенетінін айтты.

Трамп Киркті «өзінің ұлындай» көргенін, оның TikTok жобаларында үлкен көмек көрсеткенін де атап өтті. Президент серігінің жерлеу рәсіміне қатысатынын айтып, оның өлім сәтін түсірген видеоны қараудан бас тартқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, АҚШ-тағы Юта штатының Utah Valley университеті кампусында саяси белсенді әрі Трамптың жақтасы Чарли Киркті көптің алдында сөз сөйлеп тұрған сәтте атып кеткен еді.

Yorumlar
Diğer Haberler