"Дауласып болса да, нәтижеге жету қажет". Депутат ЕАЭО-дағы Қазақстанның қателігін мойындады

2419
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YyuhoEYvhjaCrNv5i4A87dE6axy7HMTRbFqGFpGj.jpg

Депутат Айдос Сарым ЕАЭО-ға мүше елдер арасында қазақстандықтардың жалақысы баяу өсетініне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мәжілісте саясаттанушы, депутат Айдос Сарымға ЕАЭО мүше елдер арасында нақты жалақы көтерілгенімен, Қазақстандағы өсім символикалық деңгейде қалғанына қатысты ойын біліп, себебін сұрадық. 

"ЖІӨ бойынша Қазақстан алғашқы орындарға шығып жатыр. Мәселе, шынын айту керек, Қазақстан ЕАЭО құрылған кезде мүше болып, тауар өндірушілерінің, Қазақстан бизнесмендерінің мүмкіндіктерін арттыратын кезде шорқақтық танытты. Менің есімде бар, 2014-2015 жылы келіссөздер жүріп жатқан кезде кішкентай Беларусьтің өзі келіссөзге 100-150 адам болып келетін. Қолында қай маман бар, соның бәрін делегацияға ресми қосып баратын. Есесіне, біздің тарап 10-15 адам болып барып, келіссөзден ұтылатын. Қазір біздің азаматтар үйренді. Бізде мықты мамандар бар. Бізде жіберілген қателіктерді жөндеу тұрғысында жұмыстар жасалып жатыр", - деп жауап берді депутат.

Сондай-ақ, депутат осы тұста елдегі субсидия көлеміне де назар аударды.

"Менің білетінім, Беларусьтегі ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі біздікінен әлдеқайда жоғары. Сол себепті біздің сөрелерімізде Беларусьтің тауары, сүті, шұжығы тұр. Есесіне, ол жақта Қазақстанның сүті, шұжығы тұрған жоқ. Жақсы заңдар керек. Кешенді еңбек ететін, әр күн сайын дауласып, екі жыл, он жыл дауласып болса да, нәтижеге жететін іс-қимылдар қажет", - деді ол.

Белгілі болғанындай, бұдан алдын 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында барлық ЕАЭО елдерінде нақты жалақы көтерілгенімен, Қазақстандағы өсім символикалық деңгейде қалғаны хабарланған
Ресми дерекке сәйкес, биылғы қаңтар-маусым айларында қазақстандықтардың орташа номиналды айлығы 434,7 мың теңгені құрады. Нақты жалақы (валюталық ауытқуларды ескере отырып) орта есеппен 849 долларды ғана құрап, бар-жоғы 0,3%-ға өскен.
Дәл осы тұста Қырғызстанда нақты жалақы 11,5%-ға, Беларусьте – 11%-ға, Ресейде – 4,1%-ға, Арменияда – 2,4%-ға артқан.
Соған қарамастан, долларлық көрсеткіш бойынша Қазақстан әлі де Ресейден кейінгі екінші орында тұр.
Сарапшылардың айтуынша, жалақы өсімінің тежелуіне биылғы сәуір мен маусым айларында болған валюта бағамының күрт құбылуы себеп болған. Жылдың екінші жартысында да теңгенің шілде-тамыздағы әлсіреуі статистикаға әсер етпек.
Yorumlar
Diğer Haberler