Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сиыр етінің бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұған дейін «Атамекен» ҰКП төраға орынбасары Тимур Жаркенов Қазақстанда ет экспортына белгілі бір шектеулер енгізілуі мүмкін екенін айтқан болатын. Алайда министр бұл ақпаратты растамады.
«Бәлкім, әлем бойынша ең арзан сиыр еті бізде сатылатын шығар. Шетелде Қазақстанның еті 10-12 доллар тұрады. Оған үлкен сұраныс бар. Ал бізде бұндай баға жоқ. Бірден айтайын, ет экспортын жаппаймыз. Экспорттық келісімшарттар бар, ұйымдасқан, бордақылау алаңдары бар, адал табыс тауып отырған шаруашылықтар экспортты жалғастыра береді. Бірақ біз ештеңе істемейтін тиімсіз делдалдармен күресетін боламыз», - деді Жұманғарин.
Министр мал шаруашылығымен айналысатындардың жұмысы ауыр екенін атап өтті.
«Малшы таңғы бесте тұрып, малды суарады, жем береді, артынан тазалайды. Оның демалысы жоқ. Ет алу үшін кемінде үш жыл керек. Сонда еттің бағасы қанша болу керек?» - деді ол.