Елордада 15 қыркүйектен бастап бірқатар мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік компаниялар үшін жұмыс күнінің басталу уақыты өзгереді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Шараның басты мақсаты – таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта жолдағы жүктемені азайтып, қалада қозғалысты жеңілдету. Өзгерістер негізінен орталықта орналасқан мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компанияларға қатысты. Ал мектептер, ауруханалар мен ХҚКО бұрынғы режимде жұмысын жалғастырады.
Алдын ала есеп бойынша, бұл шаралар жолдағы жүктемені 15–20%-ға дейін азайтуы мүмкін. Сарапшылар мұндай қадам тек жол қозғалысына емес, сонымен қатар экологияға да оң әсер ететінін айтады.
Маусым айында қала әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің жұмысын ертерек бастау мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Кейін бұл бастаманы Мәжіліс депутаттары да қолдады.
Еңбек министрлігі жаңа режимді сынақтан өткізіп, қызметкерлердің 08:00–17:30 аралығындағы жұмыс кестесі тиімді болғанын хабарлады. Қызметкерлер кеңсеге еркін жетіп, кешкі уақытта отбасына көбірек уақыт бөле бастаған.
Осыған ұқсас шаралар Алматыда да қарастырылып жатыр. Онда студенттердің сабақ кестесін өзгерту және кейбір қызметкерлерді қашықтан жұмысқа көшіру ұсынылған.