«Диплом бар, білім жоқ». Қырғызстанда жеке медициналық ЖОО-лар мемлекет бақылауына өтеді

1644
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/R77I6UBHCBZS5STp5Fxb8QQkbfbvR9ZWLPH57Cup.png

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров медицина саласындағы мамандарды даярлау ісіне мемлекеттік монополия енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды “Адырна”.

Құжатқа сәйкес, бұл салада білім беру қызметін жүргізу бойынша ерекше құқық И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясына (ҚММА) берілді. Академияға жүйеқұраушы жоғары оқу орны мәртебесі берілді.

Жарлық жеке медициналық жоғары оқу орындарының санының күрт артуы мен олардың түлектерінің дайындығының төмен деңгейі негізінде қабылданды. Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, көптеген жеке оқу орындарының клиникалық базалары жоқ, оқытушылардың біліктілігі талаптарға сай емес, ал оқу процесі көбіне диплом берумен ғана шектеліп, практикалық даярлық жоқтың қасы.

Нәтижесінде жыл сайын білімі мен тәжірибесі төмен жүздеген маман даярланып, бұл медициналық білім беру жүйесіне деген сенімге сызат түсіріп, Қырғызстан дипломының халықаралық мәртебесіне зиян келтіруде. Сонымен қатар, елдің денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы артып келеді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, 2026 жылдың 1 маусымына дейін барлық жеке медициналық жоғары оқу орындары мемлекеттік аккредитациядан өтуге міндетті. Кейін олар ҚММА-ның филиалы немесе құрылымдық бөлімшесіне айналуы мүмкін. Аккредитациядан өте алмаған оқу орындары тек дайындық курстары немесе ҚММА жетекшілігімен жұмыс істейтін оқу-клиникалық база ретінде ғана қызмет ете алады.

Сондай-ақ, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін үкімет медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша бірыңғай мемлекеттік білім беру стандарттарын әзірлеп, бекітуі тиіс.

Садыр Жапаров бұл реформалар медицина және фармацевтика салалары бойынша мамандарды даярлау жүйесін түбегейлі жақсартуға, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ ұлттық денсаулық сақтау мен елдің халықаралық беделін қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында сол кездегі денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев Қырғызстанда 24 медициналық оқу орны бар екенін хабарлаған. Оның ішінде үш мемлекеттік оқу орны: ҚММА, Ош мемлекеттік университетінің медицина факультеті және Қырғыз-Ресей Славян университетінің факультеті. Қалған 21 оқу орны туралы министр оларды "шенеуніктер немесе ақшасы бар адамдар" иеленіп отыр деп мәлімдеген. Сол кезде ол 17 жеке медициналық жоғары оқу орнын жабу ниетін де білдірген, себебі олар талаптарға сәйкес келмейтін болған.

БАҚ деректеріне қарағанда, жеке медициналық университеттерде оқитындардың басым бөлігі — Оңтүстік-Шығыс Азия мен араб елдерінің азаматтары. 2020 жылы Пәкістан Қырғызстандағы барлық медициналық жоғары оқу орындарын қара тізімге енгізіп, өз азаматтарына бұл оқу орындарына түспеуге кеңес берген. Себебі қырғыз дипломымен оқыған пәкістандықтардың 90 пайызы өз еліндегі медициналық кеңестің емтиханынан өте алмаған және олардың дипломдары Пәкістанда жарамсыз деп танылған.

Yorumlar
Diğer Haberler