Ресейдегі жанармай дағдарысы. Куриль аралдарында АИ-92 бензинінің сатылымы тоқтатылды

1715
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HxLilA5KOY9J4UJm1d6VaMJFgcetuI06N8LZkFXH.jpg

Ресейдің Сахалин облысына қарасты Куриль аралдарында бензин тапшылығы байқалып, АИ-92 бензинінің тұрғындарға сатылуы толық тоқтатылды. Бұл туралы 25 тамыз күні Куриль муниципалды округінің басшысы Константин Истомин Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта АИ-92 бензинін сату уақытша тоқтатылды – қалған қор арнайы техникаларға қажет. Сонымен қатар, ол түстен кейін жаңа бензин партиясы түсірілетінін, содан кейін ғана сату басталатыны туралы қосымша хабарлайтынын жеткізген. Алайда, келесі 17 сағат ішінде округ басшысынан бұл жөнінде қосымша ақпарат жарияланбаған.

Куриль аралдарында бензинге шектеулер 20 тамыздан бастап күшіне енді

The Moscow Times басылымының мәліметінше, 20 тамыздан бастап Куриль аралдарында жанармай сату шектелді – бір адамға 10 литрден артық бензин берілмейді. Ал 17 тамыздан бастап көршілес Приморьеде бензин тапшылығы байқалып, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болды. Өткен аптада Забайкалье мен Ресей аннексиялаған Қырымда жанармайды талонмен сату қайта енгізілген.

The Moscow Times жазғандай, тамыз айында кемінде жеті ірі мұнай зауытына дрондар шабуыл жасап, оның бесеуі – Новокуйбышев, Сызрань, Волгоград, Саратов және Рязань зауыттары жартылай немесе толық тоқтап қалған. Бұл оқиғалар Ресейді жанармай тапшылығы дағдарысына алып келді.

Басылымның есептеуінше, 2025 жылдың жазында Ресейдің мұнай өңдеу қуатының шамамен 13 пайызы немесе жылына 44 млн тонна көлемі істен шыққан.

1 тамыз күні Reuters агенттігі тамыз-қыркүйек айларында Ресейде бензин жеткізуде үзілістер болады деп хабарлаған. Агенттіктің нарықтағы дереккөздерінің айтуынша, экспортқа тыйым салынғанына қарамастан, ел ішінде бензин бағасы өсе берген, әрі дефицит қаупі де артқан.

«Тамыз-қыркүйек айлары өте қиын болмақ. Кей жерлерде жергілікті деңгейде тапшылық болуы мүмкін. Бұл 2023 және 2021 жылдардағы жанармай дағдарыстарын еске салады», – деген бір сарапшы.

Оның айтуынша, қазан айында ғана бағаның түсуі мүмкін, себебі сұраныс азаяды.

Сарапшылар бензин тапшылығының басты себебін – жеке меншік жанармай құю бекеттерінің алдын ала қор жасамауынан көреді. Бұған себеп – несие пайыздарының биыл айтарлықтай көтерілуі, соның салдарынан көп кәсіпкерлер қыс пен көктемде арзан бензин сатып ала алмаған. Сонымен бірге, ұшақ рейстерінің жиі кешігуі де бензинге деген сұранысты өсірген болуы мүмкін.

Айта кетейік, 2024 жылы Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылдарынан кейін ел билігі бензин өндірісі туралы ресми статистиканы құпия етті, кейін бұл тізімге дизель де кірді. Reuters агенттігінің мәліметінше, 2024 жылы Ресейдің мұнай өңдеу көлемі 12 жылдағы ең төмен көрсеткішке – 269,9 млн тоннаға дейін төмендеген.

Ресейде тамыз айының соңына дейін бензин экспорттауға толық тыйым салынды

Ресей үкіметі тамыз айының соңына дейін бензин экспорттауға толық тыйым салу туралы шешім қабылдады. 28 шілдеде жарияланған қаулыда: «Бұл шешім ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау және ауыл шаруашылығы науқаны кезінде қажеттілікті қамтамасыз ету үшін қабылданды», – делінген.

Сондай-ақ, ақпан айының соңында үкімет 31 тамызға дейін бензин экспорттауға тыйымды ұзартқан болатын – бұл тыйым өндіруші емес ұйымдарға, яғни трейдерлер, мұнай базалары мен шағын зауыттарға қатысты еді. Ал шілде айындағы жаңа қаулы өндіруші компанияларға да экспорттауға тыйым салып отыр.

2025 жылдың шілдесінің соңында АИ-95 бензинінің бағасы тоннасына 76 330 рубльге дейін жетті. Бұл 2024 жылғы ең жоғары көрсеткіштен (74 416 рубль) асып түсіп, 2023 жылғы тарихи рекордқа (76 876 рубль) жақындады, ол кезде де Ресейде жанармай бағасы дағдарысы болған.

Yorumlar
Diğer Haberler