Қауіпсіз әрі тұрақты орта – әр азаматтың саналы әрекетінің жемісі

1286
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dKkh5E36pUm6bMINrhj0D7WeczY9JXAGwDTLHRev.jpg

Қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – кез келген аймақтың әлеуметтік тұрақтылығы мен дамуының негізі. Құқық қорғау органдарының міндеті – азаматтардың тыныштығын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң бұзғандарды жауапкершілікке тарту арқылы тәртіпті нығайту. 2025 жылдың алғашқы алты айында Батыс Қазақстан облысында аталған бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Қылмыс деңгейінің төмендеуі, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, есірткімен күрес, интернет-алаяқтықтың алдын алу және экологиялық заңбұзушылықтарды анықтау – өңірлік полицияның басты назарындағы жұмыстар болып отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысында 2025 жылдың алғашқы алты айында құқық бұзушылықтардың бірқатар түрі едәуір азайды.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, аса ауыр қылмыстар - 43,3%, ұрлықтар - 20,6%, тонаулар - 37,5%, мал ұрлығы - 25,6%, ал ұялы телефон ұрлығы 34,3%-ға қысқарған.

Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 79,9% болса, аса ауыр қылмыстардың ашылуы 100%-ды құрады. Бұл - полицияның жедел әрі кәсіби жұмысының көрсеткіші.

Жолда тәртіп күшейді

Облыс аумағында жол қозғалысын бақылау тұрақты түрде жүзеге асырылады. 2025 жылдың бірінші жартысында 125 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркеліп, 115 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды. Оның ішінде 740 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған. Бұл – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылаудың күшейтілгенін айғақтайды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқықтық тәртіп» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп, жоғары тәуекел тобына жататын жүргізушілерге ерекше назар аударылып отыр.

Есірткімен күрес нәтижесі: 20 келіге жуық зат тәркіленді

Жыл басынан бері есірткіге қатысты 131 құқық бұзушылық тіркеліп, оның 46-сы қылмыстық іс ретінде қаралды. Заңсыз айналымнан барлығы 19,8 кг есірткі заты тәркіленді. Сондай-ақ «Қарасора-2025» жедел шарасы аясында 1 маусымнан бері 56 құқық бұзушылық анықталып, 15 келіге жуық марихуана тәркіленді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында мектептер мен колледждерде ақпараттық-түсіндіру шаралары кеңінен жүргізілуде.

Интернет-алаяқтық - өзекті мәселе

Заманауи технологиялардың дамуы қылмыстың жаңа түрлерінің көбеюіне себеп болды. Соның ішінде интернет-алаяқтық – ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі. Өңірде интернет-алаяқтық саны алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Алты айда 227 дерек тіркеліп, азаматтарға 345 млн теңге көлемінде шығын келтірілген. Полиция алаяқтықтың жаңа түрлеріне қарсы үгіт-насихатты күшейтуде: 71 мың тұрғынмен түсіндіру жұмысы, 8 мың жадынама таратылып, әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы 2700-ден астам материал жарияланған.

«Таза Қазақстан»: 19 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді

2024 жылдың 15 сәуірінен бастап Батыс Қазақстанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде 67 мобильдік топ жұмыс істеуде. Осы уақыт ішінде 19 115 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде:

ӘҚБтК 505-бабы бойынша (абаттандыру ережесін бұзу) – 8 872 жағдай

ӘҚБтК 434-2-бабы бойынша (қоғамдық орындарды ластау) – 10 243 жағдай

Полиция тарапынан айыппұл салу және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру қолға алынды.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу

Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 4500-ден астам құқықтық дәріс, 3000-нан астам мектептегі кездесу, 1267 медиа материал жарияланды.

Жазғы демалыс лагерлерінде балалармен құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша кездесулер өткізілді. Бүгінде облыста 146 девиантты мінез-құлықты жасөспірім, 145 қолайсыз отбасы профилактикалық есепте тұр. Олардың барлығына құқықтық кеңес беріліп, бақылау күшейтілген.

БҚО Полиция департаменті құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын заңға бағынуға, өз қауіпсіздіктеріне бей-жай қарамауға және құқық қорғау органдарымен белсенді байланыста болуға шақырады. Қауіпсізәрі тұрақты орта – әр азаматтың саналы әрекеті мен ортақ жауапкершілігінің жемісі.

Yorumlar
Diğer Haberler