Жастарды жігерлендірген "Ауыл Life"

2443
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/oIK2v0Q8OmowwIEiu48WB2D9rwArfkePGSC3Lo5i.jpg

Халықаралық жастар күніне орай, 7-8 тамыз күндері ауданымызда «Ауыл LIFE» облыстық жобасы аясында бірқатар іс-шаралар оздырылды. Жобаның алғашқы күнінде облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс және ауданның белсенді жастарымен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Аңсар Ибраев, «Ауыл LIFE» жобасының қатысушылары мен ауданымыздың белсенді жастары қатысты.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары жастармен ашық пікір алмасып, олардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, жас буын ауыл жастарының әлеуметтік белсенділігі, жұмысқа орналасу, бос уақытты тиімді пайдалану туралы ой қозғады. 

Кездесуде көтерілген ойлар мен ұсыныстар ауыл жастарының қоғам өміріне белсенді араласуға дайын екенін көрсетеді. Біз сіздердің жұмысқа орналасу, білім алу және бос уақытты тиімді пайдалану бағытындағы бастамаларыңызды қолдауға мүдделіміз. Әрқайсыңыздың идеяңыз – ауылдың, өңірдің дамуына қосылған үлес. Ең бастысы – алға қойған мақсаттарыңыздан таймай, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана білу. Сіздерге әрдайым сенім артамыз және бірге жұмыс істеуге дайынбыз, - деген Қайыржан Ермекұлы жастардың белсенділігіне оң бағасын берді.

Жастарды жігерлендірген кездесуде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жастар арасындағы белсенді азаматтарды атап өтіп, өз атынан алғыс хаттармен марапаттады. Құрметке ие болғандардың қатарында қайырымдылық шараларына белсене қатысып жүрген ерікті, жас кәсіпкер Дана Ермұханова, жиһаз цехын дамытып отырған кәсіпкер, меценат Ербол Аяпов, құс шаруашылығын жолға қойып, мемлекеттік грант иегері атанған Манас Асылханұлы және тәртіп сақшысы, полиция қызметкері Оразғали Оразымбетов бар.

Облыс әкімінің орынбасары жастармен бергі аудан орталығындағы «Достық» саябағында ұйымдастырылған мерекелік концертке қатысты.

«Ауыл LIFE» жобасы аясында белгілі шаштараз Берік Қайырша «Қайшыдағы креатив», SMM маман, блогер Әдемі Жарасова «Біздің әлем», блогер, қолөнер шебері Даражат Хапарова «Балаларымызды бүгіннен дамытайық» тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар жоба қатысушылары аудандық тарихи-өлкетану музейімен және аудандық орталықтандырылған кітапханамен танысты. Ал 8 тамыз күні жоба қатысушылары өзара бақтарын сынап, ұлттық құндылықтарымыз бен ауыл тіршілігін дәріптеді. 

Жоба қатысушылары келесі бағыттар бойынша өз шеберліктерін сынады:

«Сауып ішкеннің дәмі бөлек» бөлімінде нәзік жанды қыздар сиыр сауу шеберліктерін көрсетіп, ауыл тұрмысының маңызды дағдыларын паш етсе, «Қастерлі кәсіп» бөлімінде жігіттер қой союдың дәстүрлі әдістерін көрсетіп, етті мүшелеу мен өңдеудің қыр-сырын таныстырды. Келесі бөлімде арулар ұлттық тағамдарды дайындап, дәмі тіл үйірер ас мәзірін ұсынды. Ал «Бірлік күш береді» бөлімінде арқан тартысып, командалық ойын арқылы қатысушылар бірлік пен күштің маңызын көрсетті.

«Ат – ер қанаты» демекші жігіттер атқа құрық салу шеберліктерін көрсетіп, атқа мінудің әдістерін таныстырса, қыздар «Ауылдың ақ дәмі» деп құрт дайындаудың дәстүрлі тәсілдерін көрсетіп, тағамның маңыздылығын түсіндірді. Жігіттер қой көтеру арқылы күш пен төзімділіктерін сынаса, қыз-келіншектер ұршық иіру арқылы қолөнердің нәзік тұстарын көрсете білдірді. Ләңгі тебу арқылы жігіттер ептілік пен шапшаңдықтары бойынша сынға түсті.

Тартысты өткен жарыста І орынды «Қосөзен» командасы иеленсе, ІІ орынды «Жарқыра» командасы, ІІІ орынды «Рух» командасы қанжығаға байлады.

Жобаның жабылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев жоба ұйымдастырушылары мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.

- Сіздердің еңбектеріңіз ауыл өміріне серпін беріп, жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашты. Осындай жобалар арқылы ауылымыздың әлеуеті артып, жастарымыздың болашағы жарқын боларына сенімдімін. Бірлесіп еңбек етіп, жаңа жетістіктерге жете берейік!, - деген аудан әкімінің орынбасары әлемдік ареналарда Қазақстанның туын биікте желбіретіп жүрген, самбо және дзюдо спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрбол Серіковке жерлестері атынан тұлпар мінгізді.

Айта кетейік, жоба Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының,  Казталов ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Zaman» жастар қоғамдық бірлестігі және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

- Биылғы кезеңге әлеуметтік желілер арқылы іріктелген, облыстағы белсенді 15 жас (9 ер бала, 6 қыз) қатысты. Олардың ішінде ауылда туып, кейін қалаға қоныс аударған жастар да бар. Туған жерін ұмытпай, ауылдың қадірін түсінсін деген ниетпен жобаға тарттық. Қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерге негізделген сайыстарда бақ сынап, ауыл өмірінің қызығы мен шыжығын бірге сезінді. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасып, жастар мен ауыл арасындағы байланысты күшейтуді мақсат етеді, – деді жоба авторы, БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ихсанұлы.

«Ауыл LIFE» жобасы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қаланың күйбең тіршілігіне сіңісіп кеткеннен кейін, ауылдың тыныш, таза ауасы миымызды тынықтырды. Мәні бар жобаны аудан ұйымдастырушыларына және облыстық жастар ресурстық орталығына алғысымды білдіремін. Мұндай жобалар жастарды ұлттық құндылықтармен байланыстырып, ауыл өмірінің шынайы келбетін танып-білуге жол ашады. Алдағы уақытта осындай игі жобалар жалғасын табады деген ойдамын, – деп бөлісті жоба қатысушысы, айтыскер-ақын әрі әнші Райымбек Өтепов.

– Осы жобаның арқасында алғаш рет киіз үйге келіп, түнедік. Шаңыраққа қарап, жерден ерекше бір энергия алғандай болдық. Бұл сәт мен үшін өте әсерлі болды. Таңғы салқынмен оянып, күннің шығуын тамашаладық. Табиғаттың тылсым тынысы жанымызға тыныштық сыйлады. Жоба аясындағы екінші күн де ерекше басталды. Жігіттер қой сойып, қыздар ет асып, нан илеп, ауыл өмірінің қызықты сәттерін бастан өткерді. Жүн түтіп, ұршық иіру секілді ұмытылып бара жатқан дәстүрлі істерге араласып, сонау балалық шақтағы әже-аналардың мейірімі мен жылуын еске алған қатысушылар көздеріне жас алды. Киелі Казталов ауданында өтіп жатқан «Ауыл LIFE» жобасы ұлттық рухымызды оятты. Бұл жобадан алған әсеріміз – ұлттың болмысын сезіну. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, – деп жоба қатысушысы Бибінұр Хамит өз әсерімен бөлісті.

Yorumlar
Diğer Haberler