Сорбұлақта жоғалған әскери тікұшақ төрт күннен бері іздестірілуде

1666
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ScO1nUlXs7Y3Li5m95jQknbizwKFASheshXbg80H.jpg

Алматы облысындағы Сорбұлақ маңында жоғалған әскери тікұшақ төрт  күннен бері табылмады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Ақпаратқа сәйкес, Қорғаныс министрлігі басқа да өңірлерлер қосымша күш-құралдар жеткізуге мәжбүр болған.

EC-145 тікұшағы 25 шілдеде Луговойдан ұшып шығып, радардан жоғалып кетті. Оның бортында экипаждың үш мүшесі болған.

Әскери тікұшақтың қалдықтары Сорбұлақ су қоймасы аумағынан табылған. Сол себепті іздеу жұмыстары дәл осы жерде жүріп жатыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, күні бойы операция жүргізілетін ауданға басқа өңірлерден қосымша күш-құралдар жеткізілді. Қонаев қаласынан іздеу бөлімшесі, оған қоса Ақтау қаласынан А-400 әскери-көлік ұшағымен жеткізілген жеке құрам мен техника осында алдырылды. Құрамында су айдынының жету қиын учаскелерін зерттеуге арналған сүңгуірлік жабдықтар, эхолоттар, катер мен қайық та бар.

Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасып жатыр. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылған. Қазір оларды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Сорбұлақ – ТМД аумағындағы ең ірі қолдан жасалған су қоймаларының бірі. Оның тереңдігі 22 метрге жетеді. Табаны лай.

«Мамандар акваторияны ғана емес, жағалауды да тексеріп жүр. Терең, қиын жерлерді де. Іздеу жұмыстары күні-түні тоқтаусыз жүріп жатыр. Операцияны Әскери әуе күштерінің қолбасшысы генерал-майор Асқар Ізбасов басқарады. Ол сол жерде жүр», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Жоғалған тікұшақ экипажының отбасы мүшелері де осында жүр. Оларға нақты ақпарат жеткізіліп тұрады. 28 шілдеде олар іздеу аумағын әуеден бақылады. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда жоғалған азаматтардың туыстары іздеу жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатқанын айтты.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, құтқару-іздеу операциясы түпкілікті нәтиже шыққанға дейін жалғасады.

Yorumlar
Diğer Haberler