"Қазақ жырының қас жүйрігі еді". Депутат Қазыбек Иса ақын Исраил Сапарбай туралы естелік жазба жариялады

1782
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zSqQbonF4bowMLCCouZ4iRaBRuy2N8dsOcO61xR5.jpg

Белгілі ақын Қазыбек Иса әлеуметтік желідегі парақшасында Исраил Сапарбайдың қазасы туралы жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Биылғы жыл ауыр жыл болды. Басқаларын айтпағанда, өзіміз араласып, бірге жүрген, ағалық қамқорлықтарын сезген қазақ әдебиетінің классиктері Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай үшеуі де келмес сапарға аттанып кетті… Әр жылдары туған ағаларымыз келісіп алғандай, араларына екі-үш ай салып, бір жылда кетіп отыр…

Өткен айда ауырып жатқан Исраил ағаның көңілін сұрап барған белгілі қайраткер Ислам Әбіштен ағамыздың кеселі қатты екенін естіген соң, ақын шығармашылығын қатты құрметтейтін Азат Перуашев інісі екеуміз ауруханаға барып, халін сұрап шыққан едік. Әлсіреп, төсек тартып жатқан ағамызды көріп, көңіліміз жабырқап қалған еді.
“Уайымдамаңыз, Алла шипасын беріп, әлі жақсы болып кетесіз,”-дегенде, қолымызды қысып: “Оған күмән жоқ”-деген еді өмірге деген құштарлығы зор қайран ақын…", – дейді Иса.

"ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов та Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты “Ақын ағамыз сөз өнерін биікке көтерген қарымды қаламгер, дарынды драматург, қалың қазаққа кең танымал тұлға болатын. Оның сыршыл өлеңдері, жүректен шыққан, бірнеше буын оқырманның жүрегіне жол тапқан жырлары қазақ поэзиясының рухани қазынасына, драмалық туындылары сахна сәніне айналды,-деп, ақын шығармашылығын жоғары бағалап, көңіл айту жеделхатын жолдады. Ақынның қазақ поэзиясының асыл қазынасына қосылған"Аққу арман", "Бармақтай бақ", "Махаббат пен Ғадауат" секілді көптеген жыр кітаптары оқырманға жақсы белгілі.

Исраил Сапарбай 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Исраил Сапарбайдың “Сағыныш сазы” әні жастардың махаббат гимні секілді керемет туынды болды", - деп еске алды Қазыбек Иса.
Yorumlar
Diğer Haberler