Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ екені айтылды

5090
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UJcKEYu8Rrxc9glZHDhqokHE13YnpEPZtMal8Rv5.jpg

Астанада Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы жүріп жатыр. Прокурор Мадина Оразалина айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құжатқа сәйкес, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева аса ірі көлемдегі алаяқтық және алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасалған заңсыз табыс көзін заңдастыру әрекеттері үшін айыпталып отыр.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, 2018 жылдың қараша айында “Halyk” қайырымдылық қоры әлеуметтік бағыттағы жобаларды тегін қаржыландыру мақсатында birgemiz.kz интернет-платформасын іске қосқан. Бұл платформа “Біз біргеміз” ұранымен жұмыс істеп, пандемия кезінде халыққа қолдау көрсетуде кеңінен танылған.

Сотта жарияланған айыптау актісінде айтылғандай, Перизат Қайрат аталған бастаманың қоғамда үлкен қолдауға ие екенін біле тұра, азаматтар мен ұйымдар қайырымдылыққа аударған қаражатты алаяқтық жолмен иемденуді көздеген. Ол “Біз біргеміз” атауын пайдаланып, қоғамдық бірлестік құру арқылы қаржыны заңсыз жолмен иеленуді мақсат еткен.

Сондай-ақ сотта қорды құру барысында да заң талаптары бұзылғаны айтылды. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңның 10-бабына сәйкес, ұйымды тіркеу үшін кемінде үш азаматтың бастамасы қажет. Алайда 2021 жылдың 14 қыркүйегінде Перизат Қайрат құрылтай жиналысының хаттамасын өз бетінше дайындап, онда өзін және Матюшенко, Мағзұм, Тұрғанбай, Аманбай, Болысов, Хисматулинов, Серікжанов, Сеиткамал мен Хафиз есімді азаматтарды құрылтайшы ретінде көрсеткен. Жиналыс барысында ұйым жарғысы қабылданып, басқару құрылымы бекітіліп, Қайрат президент болып сайланған. Алайда айыптау актісінде көрсетілгендей, жиналыстың төрағасы мен хатшысы деп көрсетілген Матюшенко мен Серікжанов, сондай-ақ басқа да құрылтайшылардың қолтаңбалары қолдан жасалған.

Прокурордың мәліметінше, жиналған қаражаттың көп бөлігі Перизат Қайрат пен оның анасының жеке мақсаттарына жұмсалған. Олар бұл ақшаны қымбат әшекейлер мен брендтік заттар сатып алуға, сондай-ақ түрлі саяхаттарға шығуға пайдаланған.

Одан бөлек, сот отырысында Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ екені де айтылды. Бұған дейін ол University of Nottingham британдық университетін Business management мамандығы бойынша бітіргенін айтқан еді.

Yorumlar
Diğer Haberler