Теміртауда кәмелетке толмаған қыз 36 жастағы ер адаммен бірге тұрған

1289
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Теміртау қаласында 14 жастағы жасөспірім қыздың 36 жастағы ер адаммен бірге тұрғаны анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл оқиғаға байланысты Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оның анасын ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарды.

Сотқа Теміртау қаласының білім бөлімі жүгінген. Талап-арызда 2010 жылы туған қыздың өмір сүруі мен оқуы үшін қажетті тұрмыстық жағдай жасалмағаны, анасының тәрбиелік міндеттерін орындамайтыны, жұмыс істемейтіні және ішімдікке салынғаны көрсетілген.

Сот процесі барысында әйелдің өз қызын тәрбиелеуге ниеті жоқ екені, оның денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіргені анықталды. Қыз 14 жасынан бастап 36 жастағы ер адаммен бірге тұрғаны ресми түрде расталды. Анасы бұған ешқандай шара қолданбаған.

Соттың мәліметінше, әйел ішімдік ішкені және баласына түнде заңды өкілсіз үйден шығуға мүмкіндік бергені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, ол полицияда "жауапсыз ата-ана" ретінде тіркеуде тұрған.

2025 жылдың 12 наурызында қыз Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Қазіргі уақытта сол жерде тұрып жатыр.

Сот отырысында қамқоршылық органы мен прокурор талап-арызды қанағаттандыруды сұрады. Әйел мен оның қызы ананы ата-ана құқығынан айырмауды өтінгенімен, сот шешімімен әйел ата-ана құқығынан айырылып, қызын асырауға алимент төлеу міндеттелді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Yorumlar
Diğer Haberler