«Жарамсыз сериал үшін ақша қайтару мерзімі өтіп кетті ме?!» Түсіпбаева Алагөзоваға жауап берді

1747
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7ocyxe76Ls55eZLFzbVBhLm8CQpKMctYbhFWu17N.jpg

Талай жыл өткен видеоға бірінші рет көргендей неге қадалып жатыр?! Жарамсыз сериал үшін ақша қайтару мерзімі өтіп кетті ме?!” деп Меруерт Түсіпбаева Баян Алагөзоваға жауап берді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі актриса Меруерт Түсіпбаева продюсер Баян Алагөзованың пікірі мен оған қатысты тараған ескі видео жайлы әлеуметтік желіде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды “Адырна”.

Желі қолданушылары арасында тараған видеоға байланысты Меруерт ханым пікір білдіруге мәжбүр болғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл видео 5–6 жыл бұрын түсірілген, алайда ол қазір қайтадан таралып, жұртшылықтың назарын аударуда.

“Ескі видеоны, сөзсіз, бір апым салғызып отыр. Кешеден бері телефоным шырылдап, сұхбат сұрап жатқандар көп. Сол себепті түсініктеме беруге тура келді”, — деп жазады әнші.

Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, сол жылдары продюсер Баян Алагөзова мемлекет қаржысына эпостық телехикая түсірген. Алайда сериал жарамсыз деп танылып, “Қазақстан" Ұлттық арнасының эфирінен алынған.

 “Сол кезде мен: егер сериал жарамсыз болса, мемлекет қаржысы — яғни, халықтың салығынан жиналған ақша — бюджетке қайтарылуы керек, ал жобаны басқа адам түсірсін дегенмін. Өйткені дәл сол кезде актер Тұңғышбай Жаманқұлов та түсірілмей қалған фильмі үшін мемлекетке ақшаны қайтарып жатқан еді”, — дейді әнші.

Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, ол осы пікірін білдірген кезде, Баян Алагөзова оған қарсы ауыр сөздер айтып, жеке шекарасынан аттаған.

 “Баян: “Ол кім?! Қандай әні бар?!” деген сияқты ауыр сөздер айтып, мені көпшілік алдында қорлады. Енді қазір өзі тым мәдениетті болып, ештеңе болмағандай кейіп танытып отыр”, — дейді ол.

Сондай-ақ, әнші бұл жағдайға байланысты кейінірек сұхбат беріп, өз пікірін ашық айтқанын жасырмайды. Алайда қазір мақсатты ақпараттық шабуыл (киберсталкинг) жүріп жатқанын меңзеді.

“Видео әдейі қиылып таратылған. Сол себепті кей адамдар жағдайдың анық-қанығын білмей, “Меруерт неге Баянға тиісіп жатыр?” деп жатыр. Шын мәнінде, мен тек әділдік талап еттім: Тұңғышбай аға мемлекетке ақшаны қайтарды — Баян да қайтаруы керек деген ойымды айттым. Бұның несі қате?!”, — деп түйіндейді Меруерт Түсіпбаева.

Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова Instagram желісінде пікір білдірген еді. 

“Дарынсыз болған сайын, кінәмшіл келеді”, деп жазған болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler