Шымкентте 18 жастан асқан ерекше жандарға оңалту орталығы ашылды

1176
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте бой көтерген «Рахмет саған, Анашым» қоғамдық бірлестігі «Имандылық – жүрекке ұяласа» атты тақырыпта іс-шара ұйымдастырды.

Мерекелік жиынның басты ерекшелігі, кездесуге 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар мен аналары арнайы шақырту алды. Айтулы азаматтар енді, қажеттіліктермен қамтылған орталыққа тұрақты түрде келетін болады.

«Ақ көгершін» әнін шырқаған Әселдің бүгін туған күні. Тағдырдың тауқыметіне мойымаған қайсар қыз 27 жасқа толды.

Енді ерекше жандар үйлерінде қамалмай «Рахмет саған ,анашым» қоғамдық бірлестігінде өздерінің қатарымен жүздесіп көңілдерін көтереді. Сонымен қатар осындағы оңалту бөлмесінде сауықтыру жаттығуларын жасайды.

Ал Жаһангердің анасының қуанышы тіпті ерекше. Себебі, бірлестікке келгеннен бері 20 жастағы ұлының өмірге деген құлшынысы артқан.

Нағима Тілегенова, Жаһангердің анасы: «Бір ай болды осы жерге келіп жақсы болып қалды. Әйтпесе,  балам күйзелістен  тамақ жеуден қалған еді.Мына бірлестікте өзі сияқты достар тауып мейірімді жандармен табысып , өзінің жалғыз емес екендігін түсінді».

Қоғамдық бірлестіктің ашылуына ұйытқы болған ерекше жандардың аналары. Солардың бірі бірлестіктің төрайымы, екі ерекше жанның анасы.

Алмагүл Кенжетаева, «Рахмет саған, анашым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Үкімет тарапынан 18 дейінгі мүгедек балаларға қамқорлық бар, оңалту орталықтары, санаторий, курортқа жолдама беріледі. 18 асқан соң олар аса қолдауды қажет етеді. қазір міне осындай балаларға әзірше 12 балаға оңалту орталығын ашып отырмыз».

Жергілікті билік , жомарт жандардың қолдауы арқасында бірлестік қызметін кеңейтпек. Мұндай жоспар түзуге қала әкімдігі тарапынан жөндеуден өткен ғимарат, демеушілердің көмегі сеп болды дейді осындағылар. Ағынан жарыла алғыс білдіргендер қатарында Дәулеттің анасы Бахтылы да бар:  » Аллаға шүкір, атқа мініп, жаттығулар жасап  қазір азамат, барлығына рахмет».

Мақсұт Сәрсенбаев, «Сынақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «18 жастан асқан мүгедектерге» Шапағат» оңалту орталығы бар. Міне тағы бір орталық жұмысын бастады. Ол жақсы қолдау. Бірақ айтарым мүгедектер қалада, мемлекетімізде аз болсын».

Ерекше балалардың қоғамға бейімделіп, өмір сүруіне аналарының еңбегі орасан дейді, демеушілер. Айтулы мерекелік шарада барлық ауыртпашылықтарды санамен саралап, келешекті ойлаған аналарымыз бір сәтке болса да қиындықты ұмытып, балаларымен көңіл көтерді.

Шынар Оразова

Комментарии