Жас келін төркініне сәлем салушы ма еді?

1033

Мисыз бастың қауқары бар ма? Майсыз жіліктің құнары бола ма? Болмаса нұрсыз жанар көрікті ме? Әрине, жоқ. Бүгінгі қоғамдағы қазақы салт-дәстүрдің ахуалын көргенде дәл осылай құлазымасқа амал жоқ. Құр қаңқасы қолымызда қалғаны болмаса, біз көбінің мән-мазмұнын жоғалтып алыппыз. Ең өкініштісі де сол: біздің осы жоғалтуды көрмей,  сезінбей отырғандығымыз. Бір қарағанға, қазақылық қайта жаңғырып жатқан сияқты… Шілдехана, бесіктой, сүндеттой, беташар жасап, қыз ұзатып жатырмыз. Қазақша оюланған киімдер, бұйымдар – бәрі бар. Бірақ, шынына келгенде, бұл – нағыз қазақы дәстүр-салт емес… Бір ғана беташар төңірегіндегі қазіргі болып жатқан ахуалға көз жүгіртсек…

Беташар «ширк» болса, келін келсап шығар?

Қоғамның өзегін кеулеген құрт секілді бір қауым бүгінде беташарды «ширк» деп үкім шығарыпты. Бөтен айтса сенбес пе ем, өз көзіммен көрген соң айтпасқа амал қал­мады. Алыстау ағайынның үйіне келін түскен. Тұңғыштары үйленіп, қуанғаннан ес қалмай жүгіріп жүрген ата-ананың көңілін су сепкендей басқан – өзге емес, өз тұңғыштары. «Беташар болмайды» деп шорт кесті жігіт. Өйткені ол ең үлкен күнә – Аллаға серік қосуға жатады екен. «Ау, шырағым, ата-баба салты…» дей бастап еді ақсақалдар жағы, «олар үлкен күнә жасаған» деп қақпақ қойып тастады олар­ға да күйеу жігіт. Осымен әңгіме де кілт үзілді, той да тарқады. Үлкен бастарымен сонау алыстан ат арытып келгенде естиін деген сөздері осы екен деп тапқан әулеттің сақа­лы­на ақ кіре бастаған ірі бастылары үндеместен кері бұрылды да, жігіттің ата-анасына атағандарын беріп, көліктерімен кері аттанды. Үйде тек жігіттің «қауымы» мен көрші көлем ғана қалып, той емес, қаралы жиынды атқарғандай  сұлқ жүрді де қойды.

Айдың күні аманда ата-баба ма­за­рына ата жауындай қараушылар бір селк еткізіп еді… «Астапыралла, Алдай» дер ме еді сол мазарда жатқан ата-әжеміз тірі бол­са. Енді сол қауым есіктен енгеннің, яғни келіннің аяғына жармасып, ел ішіне бүлік салып жатқан жайы бар. Бүлік демей не дерсің, жоғарыдағы мысалға қарап.  Бұл – бер жағы, ал ар жағында… сол қауым беташар секілді қазақы салтты «ширк» деу арқылы қазақ қыздарының санасына «ондай ширкке жол бермейтін «нағыз мұ­сыл­ман», яғни кавказдықтарға, ал тіпті реті келсе арабтарға күйеуге шық» деген уа­ғыз­дарын құйып жатса. Ұлтқа іріткі салу ма, жоқ па? Қазақ «келіннің аяғынан» деп бар құт-берекені келіннен күткені тегіннен-тегін емес. Себебі айран­ның ұюы қатығынан болса, ұлттың ұюы – келіннен. Оны мен емес, «ұл тәрбиелей отырып – жер иесін, ал қыз тәрбиелей оты­рып ұлт­ты тәрбиелейміз» деп дана хал­қы­мыз ес­кертіп кеткен.

«Келіннің бетін кім ашса…»

Қазір келін қалай түсіріледі? Құда­лық жолымен, алып қашып, тіпті өз аяғы­мен келіп алатын келіндер де ұшырасып жатыр. Соларға шымылдық құрып, беташарын өткізбей тұрып елге көрсетпей отырған ата-ене бар ма өзі? Кемде-кем. Келінге «өз үйіңде жүргендей жүре бер, шырағым» деп қамқорсыған ата-ене ер­кін­дікті тым ерте беру арқылы, бәлкім, жақсы болып көрінер, бірақ…

Басқа ора­мал салмай, ашық-шашық жүре беруге жол беріп қойған ата-ене көп ұзамай ол келін­нің артынан өздері шағымдана бас­тайды. Ал, негізінен, о бастан бәрін үйрету­ге тиіс өздері. Мұнымен айтпағымыз, жау­лық, шымылдық, беташар дегеннің бар­лығы – өзара тығыз ұғымдар мен салт­тар. Келінге қазіргідей келгеніне алды екі ай, ақыры алты ай өткен соң барып бета­шар өткізу деген атам қазақтың салтында болған емес. Дәстүр бойынша, жаңа түс­кен келінді беташар жоралғысы жасал­мастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көр­ме­ген. Шымылдықта отырған жерінен келінді екі жеңгесі екі қолтығынан қолтықтап алып шығып, беташарын жаса­ған. Демек, бета­шар – ең алдымен келінді сол шаңы­рақ­қа қабылдау рәсімі, сосын оның ендігі жерде әулет ішінде емін-еркін жүріп-тұруына рұқсат беру. Назар аударар­лық жағдайдың бірі – келінді кімдерге қолтықтату. Екі жеңгені беташар басталуға бес минут қал­ғанда жанталаса іздеп, тойға келген аға­йын­ның қызы не келінін, тіпті күйеуін қол­тықтатып қою деген – қазақ беташарының салтында жоқ нәрсе.

Бета­шар­дың тәрбие­лік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйел­дер жесір, жеңілтек т.б. болмауы қатаң ес­керілген. Ал қазір?…

Қыз төркініне сәлем салушы ма еді?

Қазір беташар мейрамханада, үйлену тойы өтер алдында асығыс-үсігіс өткізе салатын көрініс, былайша айтқанда, көзбояушылыққа айналғаны өтірік емес. Ең сорақысы, ол жерде қыздың өз ата-ана­сы, бауырлары, туған-туыстары түгел оты­ра­ды. Ал ол – қазақы салтқа жатпайтын әдет. Ата-ана өз қыздарының жат жұртқа келін болып түскенін көргенін ешкім қызғанбас-ау, ақшаға құныққан дейміз бе, әлде жөн-жоралғыны білем деген дұрыс па, әйтеуір, қызды-қыздымен өз қызын өз ата-ана, туыстарына сәлем салдырып та жіберетін асабалар жоқ емес. Басында айт­қандай, салттың мазмұнын жоғалтып, қаңқасы қалған дегеннің нағыз көрінісі, мінеки!

Беташар дегеннің өзі не, мақсаты, мән-мағынасы қандай? Осыны бір уақ ойлап көрдік пе?

Кезінде ұлы Мұқаң, Мұх­тар Әуезов өзінің «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген зерттеуінің ішінен тұтас бір тарауды осы беташарға арнаған екен. Беташардың қандай жағдайда, қа­шан, қалай айтылатынын сөз ете келіп, бета­шар өлеңінде отбасындағы үлгілі әйел қандай болуы керектігі туралы халықтың ғасырлар бойында қалыптасқан әдеп нор­малары, өнеге тізбегі, адамгершілік дүние­танымы, әйелдердің адам тәрбиесіндегі айрықша орнын көрсеткен. Демек, бұдан шығатын қорытынды: беташар – қазақтың отбасын құру концепциясы. Ол концепция  келінге өзінің келіп түскен әулетін де таныс­тырудан басталады. Сәлем басы қайтыс болып кеткен ата-бабадан басталып, әу­лет­тің құда-жекжат, ата-ене, туған-туыстың бәрін атап, ең ақыр аяғы еңбектеген бала­ға дейін сәлемнен құр қалмайды. Осы тұс­та бүгінгі жаулық астында бет-жүзі бізге көрінбей тұратын жас келін өзіне қандай аяулы аманат артылып, қандай жауапкер­шілік жүктеліп жатқанын сезіне ме? Ол қандай міндет еді дерсіз? Біріншіден, бета­шушы әуендете келін түсіріп жатқан әулет­тің аруақтарын атайды, олар – кезінде осын­дай әулеттің негізін қалап кеткен асыл жан­дар. Екіншіден, бүгінде көзі тірі ақса­қал­дар мен ақ жаулықты әжелер, келіннің өз ата-енесі, қайнаға, қайын апа секілді есімдерін ендігі жерде тарс еткізіп айта салуға болмайтын және иіліп сәлем салу керектігін ескере жүретін адамдары. Үшін­шіден, күйеуінің ізінен ерген бауырлары, яғни келінге қайны, қайын сіңлі болып келетін жасы кіші топ, есті келін осыларға өзінше әдемі ат қояды.

Түйін

Соңғы кездері беташардың КВН қағытпасына айналған да жайы бар: беташарда сәлем салып жатқан келіннің оқыстан бетін ашып қалса, «қашан бітеді мынау?» деп ызаланып тұр екен ол сөйтсе. Күлкі шақыруға құрылғанымен, шындыққа жанасымды жағы да бар ма деп қаласың еріксіз…  Себебі бүгін құрылған шаңырақ ертең құлап, ортада баласы жылап қалып жатқандар саны жыл санап еселеніп келеді. «Бәлкім, беташарда келін өзіне айтылған «ел-жұртына жақ, келін, ата-енеңді бақ, келін, кісі келсе үйіңе, киізіңді қақ келін…» деген секілді нақыл сөздерді естімей қалды ма екен?» дейсің еріксіз.


Мәриям ӘБСАТТАР,

«Алаш айнасы».

Комментарии
Выбор редакции
Другие новости