Үндістанның солтүстігіндегі Гималай тауында тікұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ANI агенттігіне сілтеп.
15 маусым күні таңғы сағат 5:20-да Кедарнатх ауылынан Гупткеши бағытында ұшып келе жатқан Aryan Aviation компаниясына тиесілі тікұшақ Гаурикунд пен Сонприяг арасындағы орманды алқапта құлаған. Тікұшақ бортында 7 адам болған. Олардың - алтауы жолаушы, бір ұшқыш. Барлығы қаза тапты. Қаза тапқандардың арасында сәби де бар.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін. Ұшқыш ауа райының күрт нашарлағанын байқап, тікұшақты аңғардан шығаруға тырысқан. Апаттан кейін тікұшақ өртеніп кеткен.
Қайғылы оқиғада Махараштра штатынан келген Джайсвал отбасының үш мүшесі қаза тапты.
Оқиға орнын алғаш болып жергілікті тұрғындар байқап, құзырлы органдарға хабар берген. Құтқару операциясына ұлттық және штаттық апатқа қарсы қызмет өкілдері тартылып, барлық мәйіттер сағат 8:55-те табылды. ДНҚ сараптамасы арқылы қаза тапқандардың жеке басы ресми түрде анықталмақ.
Бұл — соңғы алты аптада Кедарнатх маңында тіркелген бесінші тікұшақ апаты. Осы уақыт аралығында 13 адам қаза тапқан.
Айта кетейік, бұған дейін 12 маусымда Үндістанда Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақта 240-тан астам адам болған. Полиция 11A орнынан бір тірі қалған жолаушыны тапты.
Новости по теме