Мәжіліс «Бәйтерек» кешеніне қатысты Ресеймен келісімді ратификациялады

1183
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/12/bez-nazvaniya-6-960x500.jpg?token=5b2789a3c304b29d2b435f02415f927c

Бүгін Мәжіліс Ресеймен Байқоңырда «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру туралы келісімге енгізілген өзгерістерді ратификациялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым хабарлады.

Оның айтуынша, құжаттың басты мақсаты – жаңа экологиялық қауіпсіз зымыран кешенін құру және пайдалану кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі шарттарын айқындау. «Бәйтерек» жобасы екі елдің ғарыш саласындағы ұлттық және коммерциялық бағдарламаларын жүзеге асырудың басты алаңына айналады.

Құжаттағы негізгі өзгерістер мыналар:

Ресей тарапының жоспарлаған ұшырылым саны 2028–2039 жылдары екіден үшке дейін көбейтілді;

Ресейлік тарапқа ҚҚС бойынша нөлдік мөлшерлеме енгізілді;

«Бәйтерек» АҚ үшін корпоративтік табыс салығына 15 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі;

Ұшу сынақтарының басталу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға шегерілді.

Барлық Мәжіліс комитеттері келісімге оң қорытынды берген.

«Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешені – 2004 жылы басталған Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Жоба Байқоңырда экологиялық тұрғыда қауіпсіз зымыран-тасығыштарды ұшыруға арналған инфрақұрылым құруды көздейді.

Айта кетейік, осы заң жобасын Мәжіліс депутаттары 2025 жылғы ақпанда қарауға қабылдаған болатын.

Еске салсақ, 2020 жылдың қазан айында Қазақстан мен Ресей «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру туралы келісімшартқа қол қойған. Жобаның мақсаты – «Союз-5» және оның модификацияларын қауіпсіз ұшыруды қамтамасыз ету. Бірақ жоба бірнеше рет кейінге шегерілді.

Комментарии