Назарбаевтың былтыр желтоқсан айынан кейін тағы да Кремльге барып, Путинмен кездесуі қоғам назарын аударды. Сарапшылар осы сапардың сипаты мен астарына үңіліп көрді.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мамырдың 29-ында Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескені әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Сондықтан болса керек бүгін Тұңғыш президенттің басапсөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Нұрсұлтан Назарбаевтың не үшін Мәскеуге не үшін барғанын түсіндіруге тырысыпты.
Бұдан алдын Назарбаев Кремльге былтырғы желтоқсанда кірген болатын. Ал қаңтар айында президент Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да тоқталған болатын. “Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды”, - деген еді сонда президент Тоқаев.
«ПУТИНМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН ДОСТЫҚ ҚАТЫНАС»
Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Назарбаевтың Жеңістің 80 жылдығына арналған шараларға шақырылғанын, әйтсе де объективті себептерге байланысты ресми мерекелік күндерде оған қатыса алмағанын мәлімдеген екен.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарының жеке, бейресми сипатта болғанын хабарлаймыз. Қазақстанның тұңғыш президентін Ресей президенті Владимир Путинмен көпжылдық достық қатынастар байланыстырады. Бұл байланыстар мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына қарамастан сақталып отыр», - деген Айдос Үкібай.
Сондай-ақ, Үкібай экс-президент әлемдік көшбасшылармен үнемі байланыста екенін атап өтті.
«Телефон арқылы сөйлесіп, жеке хат-хабар алмасып, кездесу өткізеді. Бұл тек Ресейге ғана емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа да мемлекеттерге қатысты. Мемлекеттік қызметте жоқ беделді саяси қайраткерлермен жеке кездесулер – қалыпты дипломатиялық тәжірибе. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей президенті Жапонияның марқұм премьер-министрі Синдзо Абэнің жесір әйелі Акиэ Абэмен де кездескен болатын», – деп жазды Айдос Үкібай.
Баспа бетінде жылына санаулы мәрте көрінетін баспасөз хатшысының айтқанына қоса көпшілік содан бір күн бұрын, мамырдың 28-інде Путиннің Тәжікстан президенті Имамали Рахмонның ұлы, парламент төрағасы және Душанбе мэрі Рустам Имамалиді қабылдағанын да байқаған.
Ал Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты түрде Қазақстанда тұратынын, «Елден кетті деген мәліметтер шындыққа жанаспайтынын» ескерткен.
«ПУТИН ТОҚАЕВТЫ ҚОРҚЫТАМЫН ДЕП ОЙЛАДЫ»
Саясаткер Уәлихан Қайсар экс-президентті Путиннің өзі жеке шақырғанға сенетінін айтады. Себебі ол Ресей президенті осы арқылы Тоқаевқа ықпал еткісі келеді деп есептейді.
«Назарбаевтың Мәскеуге сапарына байланысты әр түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулер оның сапарын АЭС құрылысымен байланыстырса, екінші біреулер бұған дейін сақтаған капиталын сақтау үшін барды деп болжам жасап жатыр. Сондай-ақ отбасы мүшелерінің қауіпсіздігімен, тіпті билікке қайта келуді көздейді деген пікірлер айтылып жатыр,» - дейді ол. Оның топшылауынша, бұл жолы Назарбаевты Мәскеуге Путиннің өзі арнайы шақыруы мүмкін.
«Әлбетте, Назарбаев қуана-қуана барады. Путиннің Назарбаевты арнайы кездесуге шақыруының астарында не жатыр? Қазір Тоқаев әр түрлі форумдарда «Ресейге байланысты екінші деңгейлі санкцияға ілікпеу үшін көмек жасамаймыз» деп ашық айтып жүр. Меніңше осы себеппен Путин Тоқаевты сәл де болса қорқытамын деп ойлады. Сол себепті арнайы Назарбаевты шақырды», - дейді Уәлихан Қайсар.
Ол өз болжамына себеп болған жайларды да атады.
«Егер де сен менің тілімді алмай, менің айтқаныммен жүрмейтін болсаң, сені орныңа қоятын адамдар дайын. Назарбаевтың өзі болмаса да оның отбасы бар, тіпті болмаса да оның жақын адамдары бар. Оларда ақша да, БАҚ жеткілікті. Егер қажет болса, сені тақтан түсіріп тастап, басқа адамдарды таққа отырғызамын» деген сигналмен Путин Назарбаевты шақырып жатыр. Бұл – ескерту,» - дейді саясаттанушы.
Уәлихан Қайсардың кездесу сипатына да тоқталған.
Негізі Назарбаевтың Путинмен кездесуі – біріншіден Қазақстанға, екінші кезекте Тоқаевқа кедергі келтіреді. Өйткені бұл кездесу Қазақстан мен Тоқаевтың абыройы мен беделін түсіру деп білемін. Мұны Назарбаев түсінді ме, түсінбеді ме, ол жағы белгісіз. Бірақ ол бұрынғы мемлекет басшысы ретінде мұны түсінуге тиісті», - дейді ол.
«САЯСИ КҮРЕС, САЯСИ БӘЙГЕ БАСТАЛДЫ»
Ал дипломат Қазыбек Бейсебаев Айдос Үкібай сылап-сипап мәлімдеме жасағанын айтады.
«Әрине, ол «Назарбаев өзінің жеке өткініші бойынша Путинмен кездескісі келді» деп айтпайды ғой. Расында Назарбаев Путиннің арнайы шақыруы бойынша Мәскеуге барды. Бірақ Путин Назарбаевты не үшін шақырды және онда қандай мәселені талқылады? Экс-президент Мәскеуге жайдан-жай барған жоқ. Менің ойымша, оның сапары біздің ішкі саясатымызға тікелей байланысты,» - дейді ол.
Айтуынша, Қазақстанда 2028 жылы парламент, ал 2029 жылы президент сайлауы өтуі тиіс.
«Десек те парламент сайлауы 2028 жылы емес, одан 1 жыл ерте 2027 жылы өтуі мүмкін. Яғни, Мәжіліс сайлауының өтуіне 1,5 жарым жыл ғана уақыт қалды. Бәлкім тұңғыш президент алдағы сайлауға өзінің адамын ұсынған шығар. Зейнетке шығып, саяси сахнадан кеткен адамды ешкім қабылдамауы керек. Бірақ Назарбаевты Путин бір емес, бірнеше рет қабылдады. Ең қызығы Путин мен Назарбаевтың кездескенін алдымен ресейлік БАҚ хабарлап жатыр,» - дейді Қазыбек Бейсебаев.
«Біздің елде қашан дәл уақытында парламент немесе президент сайлауы өтті? Бізде аяқ астынан сайлау болады деп хабарлайды да, апыл-ғұпыл науқан басталып кетеді. Қазіргі президент Тоқаев «Мен бір-ақ мерізім отырамын» деп айтты. Яғни, келесі президент жаңа адам болады. Демек, елімізде саяси күрес, саяси бәйге басталды», - дейді ол.
«ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯНЫ ТАСУШЫ ТҰЛҒА»
Саясаткер Уәлихан Қайсар экс-президенттің шетелге шығуына тыйым салу керек екенін айтады.
«Негізі мемлекеттік құпия туралы заң мен мемлекеттік қызметшілерге байланысты заңға сүйене отырып, Назарбаевтың шетелге шығуына тыйым салу керек. Шындап келгенде аталған заңдарға байланысты экс-президент мемлекеттік құпияларды тасушы тұлға болып саналады. Ол ішкі және сыртқы саясатқа және ұлттық қауіпсіздік саласына байланысты тыңшылардың аты-жөні секілді көп құпия ақпаратты білетін адам. Мемлекеттік құпия туралы заңға сүйенетін болсақ, мемлекеттік қызметші шетелге шығатын болса 5 жыл бойы арнайы органнан рұқсат алуы керек. Ал Назарбаев жай ғана мемлекеттік қызметкер емес, ол мемлекет басшысы болған тұлға. Сондықтан оның сыртқа шығуы міндетті түрде Сыртқы істер министрлігімен келісілуі керек. Себебі ол жеке шаруасымен баратын болса, ол мемлекеттің сыртқы саясатымен қайшы келуі мүмкін. Мысалы министр мен вице-министр немесе облыс әкімі шетелдің өкілімен кездесетін болса, сыртқы істер министрлігінің рұқсатын алу керек. Себебі олар жеке басымен ондай шешім қабылдай алмайды және қабылдамауы да керек», - дейді саясаткер.
«НАЗАРБАЕВ ТОБЫНЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ»
Уәлихан Қайсардың бұл пікірімен дипломат Қазыбек Бейсебаев келіспейтінін айтты.
«Ол экс-президент ТМД көлемінде танымал адам болғаннан кейін зейнеткер ретінде көрші елдің президентуімен кездесе береді. Оған байланысты ешқандай әңгіме жоқ. ҰҚК өкілі 5 жыл шетелге шықпауы керек деген талап бар. Ал Назарбаев саяси тұлға болғандықтан оған бұл талап қатысы жоқ,» - дейді ол.
Әйтсе де Қазыбек Бейсебаев Назарбаев тобының қазіргі президентке қарсылығы күшейіп келе жатыр деп есептейтінін жасырмайды.
«Әл-жазира» телеарнасының журналисі Қасым-Жомарт Тоқаевқа экс-президентке қатысты сұрақ қойғаны белгілі. Аталған сұраққа Тоқаев «Иә, сіз айтқандай қателіктер, ұрлықтар болды. Біз әлі де тергеу жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыс жалғасуда. Бірақ бұл істе мен тәртіпсіздіктерге жол бермеймін. Өйткені бұл менің елімдегі жағдайдың тұрақсыздығына әкеледі» деп жауап берді. Президенттің бұл сөзін қалай түсінуге болады? Менің ойымша Назарбаев тобының қазіргі президентке деген қарсылығы күшейіп жатыр деп түсінуге болады. Президенттің сөзін «Егер қатты қысым көрсетсем елде қарсылықтар болады» деп түсінуге болады. Біздің президент – дипломат, ол жайдан жай ештеңе айтпайды. Басқа басшылар жай айта салуы мүмкін, ал біздің президент әр сөзін ойланып айтады. Тұңғыш президент саяси сахнадан кетсе де оның өзінің адамдары бар. Шындығын айтсақ, биліктегілердің көпшілігі экс-президенттің кадрлары ғой», - дейді Қазыбек Бейсебаев.
«Адырна» ұлттық порталы
Новости по теме