Ресей делегациясы 15 мамыр күні Ыстамбұлда өтетін келіссөзде Украина өкілдерін күтетін болады. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
"Біздің делегация сол жерде болады және украиналық тарапты күтеді" - деді ол 13 мамыр, сейсенбі күні журналис Павел Зарубинге берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Песков Ресей тарапынан келіссөздер тобының құрамын жариялаудан бас тартты.
"Президенттен нұсқау түскен кезде ғана жариялаймыз" - деді Кремль өкілі.
Бұған дейін Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысатыны белгілі болды. Саясаткерді "сол жаққа баруға дайындалып жатыр", — деді АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясындағы инвестициялық форумда. Ол бұл келіссөздерден "жақсы нәтижелер" күтетінін айтты.
Батыс БАҚ-тарының мәліметінше, Ыстамбұлдағы келіссөздерге Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Кит Келлог та барады.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Анкарада кездесу туралы келісімге келгенін айтқан болатын. Алайда егер Ресей президенті Владимир Путин Түркия астанасына барудан бас тартып, Ыстамбұлды таңдаса, Зеленский мен Ердоған сол жаққа баруға дайын екенін жеткізді.
"Бұл кездесудің өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өйткені атысты тоқтату туралы шешімді тек Путин ғана қабылдай алады" - деді Украина көшбасшысы.