Жамбылдағы қызғалдақ фестивалі. Көліксіз қалған көпшілікке әкімдік жауабы

1139
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/image-27-960x500.jpg?token=e81aee994228cff1a534ca206717de3c

3 мамыр күні Жамбыл облысының таулы аймағында өткен «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық фестивальге мыңдаған қонақ жиналып, көлік тапшылығы туындаған. Бұл жағдайға қатысты әкімдік пікр білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Билік өкілдерінің әлеуметтік желілердегі жарқын шара туралы есептерін тұрғындар сынға алды. Локацияның алыс орналасуы мен көлік тапшылығы салдарынан көптеген адам бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр болған, ал кейбірі мүлде жетпей қалған.

Бүгін бұл жағдайға Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризмді дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев пікір білдірді.

«Фестиваль сайты арқылы 3232 адам тіркелді, тағы 2000 адам тіркелусіз келді. Қатысушылардың жалпы саны 5000-нан асты. Шамамен 4000 адам жеке көліктерімен келген. 700-ден астам жеке көлік, соның ішінде спринтерлер болды. Жолаушыларды тасымалдаудағы басты мәселе – таулы аймақтағы күрделі жол жағдайы мен біржақты қозғалыс болды. Сонымен қатар, жеке көліктерімен келген адамдар жолда кедергі жасап, қозғалысты қиындатты», – деді ол.

Оның айтуынша, Тараз қаласынан арнайы дайындалған 20 автобуспен 918 адам жеткізілген. Тіркелген қонақтарға арналған 40 «Нива» автокөлігі мен 10 ПАЗ автобусы дайындалған.

«Жеке көліктерімен келген кей азаматтар көліктерін төменгі жол бойына тастап, Тараздан келген қонақтарға арналған көлікке мініп алған. Бұл жолаушылар санын көбейтіп, қосымша тасымалдауға кедергі келтірді. Адамдар фестиваль аяқталмай жатып кете бастады. 14:00 мен 15:00 аралығында қатысушылар легі күрт артты. Қонақтарды таулы платодан тасымалдау бойынша шаралар қабылданды. Соңғы қонақтар 17:20-да жөнелтілді. Бәрі штаттық режимде өтті, зардап шеккендер жоқ», – деді басқарма басшысы.

Аспандияр Сейсебаев мұндай ауқымды шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылғанын және бұл жағдай болашақта ескерілетін тәжірибе болатынын атап өтті. Сондай-ақ, фестивальге қатысқан шетелдік қонақтар мен ғалымдар тарапынан оң пікірлер айтылғанын, бұл Жамбыл облысында туризмді дамыту үшін тағы бір тартымды орын пайда болғанын көрсететінін жеткізді.

Комментарии