Қазақ қыздар гимназиясы далада оқи ма?

903

Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясына ашылғанына 25 жыл болса да, әлі күнге дейін жеке ғимарат бұйырмай келеді. Бүгінде бұл білім ордасы 1200 балаға лайықталған №24 орыс мектебінің ғимаратында отыр. Мектеп әкімшілігі әу баста ғимараттың бір қанатынан 200 орын ғана бөлгенімен, ширек ғасырда гимназиядағы бала саны 400-ден асты.

Асхана, медпункт, спортзалды екі мектеп ортақ пайдаланады. Мұндайда ғимарат иесі ретінде №24 мектепке басымдық берілетіні айтпаса да түсінікті. 25 жылда бұл гимназия білім көрсеткіші жағынан қаладағы үштіктің қатарына енгенін де айта кету ләзім. Гимназия ұжымы мен ата-аналар жеке ғимарат сұрап, Білім және ғылым министрлігіне бірнеше жыл қатарынан хат жолдағанымен, ақыры еш нәтиже шықпады. Былтыр облыс әкімі Болат Бақауов бұл мәселеге нүкте қойып, Қазақ қыздар гимназиясы үшін жаңа ғимарат салынбайтынын жеткізді. Оған себеп, Екібастұз қаласының мектептерінде білім алып жүрген 19 мың балаға ғимарат жеткілікті екен. Тиімді жолы - жартылай бос тұрған мектептерді бір-біріне қосу, яғни оңтайландыру жүргізу. "Ал енді қандай мектептер жартылай бос тұр?" деген сауалға келсек, 6-уы да орыс мектебі екені анықталды. Белгілісі, биыл рейтингісі төмен, бала саны аз №23 орыс мектебіне 250 балаға лайықталған ғимаратта отырған №35 орыс мектебі көшпек. Бұл мектептің бастауыш блогы №13 орыс мектебінің ғимаратында отыр. Сондықтан №23 мектептен босаған, дағарадай ғимаратқа көшуге олар, әрине, қуана-қуана келіседі.

Ресми дерекке жүгінсек, биылғы жаңа оқу жылында Екібастұз өңірінде 3500 бала мектеп табалдырығын аттамақ. Білуімізше, солардың ішінде, 1500-ы ғана қазақ мектептеріне барады. Бұған себеп, ата-аналар балаларын рейтингісі жоғары қазақ мектептерінде оқытуға ынталы. Ал мұндай мектептердің басы артық бала қабылдауға мүмкіндігі жоқ. 1200-1500 балаға арналған мектепті жергілікті билік "бала санын толтыра алмай қала ма?" деген қауіппен қазақ қыздар гимназиясына қияр емес.

Қыздар гимназиясының директоры Саламат Ізбастина болса, өздері отырған №24 орыс мектебінің ғимаратын №25 қыздар гимназиясына берсе, балалармен толтыра алатынына сенімді. «Біріншіден, ғимарат орталықта орналасқан. Екіншіден, гимназиядағы мұғалімдердің деңгейі жоғары. Үшіншіден, қыздар гимназиясының ел ішіндегі мәртебесі жоғары. Екібастұздағы әр қыз бала аталған білім ордасында оқуды армандайды», – дейді. Қазақ қыздар гимназиясында білім алатын 450-дей оқушының ата-анасы баласының не асханасы, не спорт залы, не акт залы жоқ, ескі ғимаратта білім алуына наразы. Ал мұндай әбден тозығы жеткен, ит байласа тұрғысыз ғимаратқа қаракөз қыздарды көшіру - ұлттық мүддені сатумен бірдей емес пе?

Дария Ерғазина

"Адырна" ұлттық порталы

Комментарии
Выбор редакции