Басты бет » Айдарлар » Искусство » Қазақ киносы қашанғы күттіреді

Қазақ киносы қашанғы күттіреді

Кино…

Бұл бір сыйқырлы әлем. Кино қаншама жанның жүрегін жаулап, баурап алды десеңізші?! Көзіңізді бір сәтке жұмып тұрып өміріңізді киносыз елестетіп көріңізші. Елестете алмайсыз.

Адамға не қымбат? Қазақ «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» дейді. Түптеп келгенде адамға ары қымбат. Кино өнері баяғыда өнер болудан асып қазақтың ары болу деңгейіне жеткен өнер түрі.

Естеріңізде ме? «Менің атым Қожа»! Қазақтың кішісі де, үлкені де ғашық болған жоқ па еді осы фильмге?! Дәл солай. «Тақиялы періште, немесе Тана жеңгейдің келіндері» ше?! Қазақ киносының анасы атанған Әмина апамыздың күлімдеген көздерінің өзі не тұратын еді! Биыл бұл фильмнің экранға шығып, қазақтың әр үйіне қуаныш сыйлағанына тура 50 жыл. Иә, иә, тура жарты ғасыр!

Шәкен Айманұлы қазаққа небір киноөнер туындыларын сыйға тартты. «Алдар көсе», «Атаманның ақыры», «Атамекен»…

«Атамекен»… Қазақ ауылының тұрғыны немересін ертіп, алыста, соғыс даласында қаза тауып жерленген жерінен ұлының сүйегін елге әкелмек болып жолға шығады…

Мәжит Бегалинның «Ел басына күн туса», «Мәншүк туралы ән» туындылары ше? Керемет емес деп кім айта алар?!

«Қыз Жібек»! О, бұл фильмді тек кино туындысы деуге қимаймын. Бұл фильм қазақты тірілткен туынды! Сол кездерде небір әңгімелер еститінбіз. Не дейсің, Мәскеу «неге қазақтарды бай етіп көрсеткенсіңдер» депті, содан кино шықпайтын болыпты,  тағысын, тағылар…

Содан болар киноның режиссері, қазақтың біртуар дарынды ұлы Сұлтан Қожық жүрегі ауырып кеселге ұшырағаны.

Бұл фильмдер туралы айтып жеткізу мүмкін емес. Бұндай биік өнер туындыларын көру керек. Қайта, қайта көру керек.

Айта берсем қазақ киносы туралы айтылар әңгіме жетерлік. Егемендік алғалы біраз жыл өтті. 1991 жылдан бері санай беріңіз, аз уақыт емес.

Атышулы «Рэкетирден» бастап бүгінге дейін шыққан фильмдер туралы ауыз толтырып айта алмаймын. «Әміре»  фильміне үміт артып едім, онымнан да түк шықпады…

Мүмкін, телесериалдар бар дерсіздер? «Тар заман» жақсы шықты. Бірақ ол телесериал ғой. Ал, мен кинотеатрларда көрсетілетін фильмдер туралы айтып отырмын.

Құрметті замандас, мүмкін маған, бәрін түкке татырсыз еттіңіз ғой, деп кіна артарсыз?  Онда өзіңіз біліңіз.

Мен өтірік айтқым келмейді. Әлде маған, өтірік айт дейсіз бе?

Бір қоғамда өмір сүріп, бір ел боламыз десек, бір-біріміздің көзімізге тура қарап, ойымызды ашық білдіруіміз керек. Сонда пікір алмаса отырып ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жеткізерміз. Бәрі керемет, деп көлгірсіп, тыныштық керек деп жүре берсек, ненің үдесінен шығамыз?

Солай емес пе?

Жә, айтайын деген бір арманым бар еді. Соны баяндайын.

Қазақ неге тек жоңғарламен соғысқанын ғана айта береді. Кино түсірсе де сол. Бірнеше ғасыр көрші елдің бұрынғы басшылығына бодан болған кезді кино етіп неге түсірмеске? Мысалы Кенесарының тағдыры туралы қашан кино түсіріледі? Ресей басқыншылығына қарсы басқа да көптеген көтерілістер болғаны тағы бар.

Қырғыз бауырлар бұл тақырыпқа қаймықпай барып керемет туынды жасай білді. «Құрманжан датқа» фильмі көпшілікті елең еткізді. Бұл туынды маған өте ұнады.

Менің айтып отырғаным Ресей патшалығының колониалдық саясатын нақты көрсете білген фильмнің пайда болу мәселесі. Қазақтар бұл тақырыпқа неге бармайды? Мүмкін жақсы сценарий,  киноны жақсы етіп түсіре алатын режиссер, дарынды актерлер жоқ шығар, дерсіз.

Басқасын қайдам. Актерлер бар. Жақында Қанат Тасыбеков досым Ғабит Мүсірепұлы атындағы жастар театрына шақырды. «Ұмытыңдар оны» деген қойылымның тұсаукесері екен. Керемет! Риза болдым. Қай ролді ойна десеңіз де алып кететін дарынды актерлер баршылық екен. Бұндай сахна шеберлері Алматыдағы М.Әуезұлы атындағы Қазақ драма тетрында да жеткілікті. Қазақстанның басқа театрларында да өнер иелері баршылық.

Сонымен Ресей патшалығы қазақты жаулап алғаны кезеңі туралы көркем туынды неге жоқ?

Қазақфильм киностудиясында КСРО билігі қанша тыйым салынса да сол бір кезге деген, қарсылық белең алған кездер болды.

Мысалы “Қазақфмльм” және “Қырғызфильм” киностудиялары бірігіп түсірген «Қараш асуында атылған оқ” фильмінде Бақтығұл байлар алып кеткен жүйрік аты, Сүлікқарасы қашып келгенде баласына бұрылып «Тұрар, пышақ әкел» дейді. Бұнда тұрған не бар дерсіз?

Мұхтар Әуезұлы бұл оқиғаны қазақтың белгілі тұлғасы Тұрар Рысқұловтың әкесінің өмірінен алып жазған. Шығарма «Қара-Қараш» деп аталады. Жазушы балаға атын Сейіт деп есім берген.

Шығарма жазылғаннан соң көп жылдардай кейін, киносценарий жазғандар баланың атын Тұрар деп жазды. Кино көріп отырған көрерменнің түсінгені түсінді, білмегені түсінбеді. Дегенмен осы бір шағын ғана көрініс көп адамның жүрегіндегі азаттыққа деген сезімін қайрады. Бұл Ресей патшалығының саясатын өңін айналдырып болса да жалғастырып отырған Кеңес билігіне деген қарсылық еді.

Мәжит Бгалиннің көрсетілімге тыйым салынған «Отқа оранған Орал» фильмінде Алаш орданың  полковнигі көрсетіледі. Қазақ полковниктің ролін атақты Шахан Мусин керемет ойнаған. Иә, Мәскеу фильмді көрсетпей тастады. Бірақ бұндай әрекетке саналы түрде барған Мәжит Бегалин сол кезде Шахан Мусинге: «Не де болса айтарымызды айттық!» деген.

«Қыз Жібек» фильмінде де КСРО саясатына қарсылық бар. Ол кезде КСРО басшылығы қазақтарға сендерде жазу-сызу болмаған, мәдениет дегеннен жұрдайсыңдар, коммунистік партия өркениеттің не екенін білмеген қазақтардың өмірін жұмақ етті деген саясатын әлемге мақтаныш етіп тұрған кез еді.

Қандай қарсылық дерсіз? Мысалы Жібектің әкесі Сырлыбай ақ таяққа пышағымен таңбалар ойып отырады. Сол таңбалар байырғы түркі жазуы болатын. Киіз үйдің қабырғасында екі қораздың бейнесі көрінеді. Бұл біздің бабаларымыз сақ дәуірінің шеберлері жасаған бейне болатын. Кино түсіруші Сұлтан Қожықұлы және басқалар бұндай қадамға әдейі барды.

Сырттан қарағанда болмашы нәселер сияқты осындай көріністер арқылы қазақ зиялылары өз халқын оянуға шақырды. Осынысымен бізде де мәдениет болған, ол ол ма, біздің мәдениет пен тарихымыз басқалардан артықпыз деп кеудесі пісіп жарылардай болып жүргендерден де бай, терең дегенді айта білді.

Мәскеудегі көркем комиссия мүшелері мұндай майда-шүйдені байқамай қалды. Ал біліп қойса не болар еді? Онда «Қазақфильм» студиясы жабылып, қазақ киносы жойылып кетуі әбден мүмкін еді. Ол билік ешкімді кешірмейтін билік болатын. Атом бомбасын тек қазақ жерін жара беру арқылы қазақты ұлт ретінде жоқ етуді көздеген КСРО басшылығына «Қазақфильм» киностудиясын жабу түкке тұрмас еді. Мәскеудегі сол кездегі билік қазаққа деген көзқарасын 1986 жылы анық көрсетті емес пе?

Бұның бәрінің киноға не қатысы бар дерсіз? Қатысы болғанда қандай.

Қазақ елі өз тарихын білуі керек. Әрине, тарих жазылып жатқан академиялық басылымдар баршылық. Бірақ көпшілік ондай кітаптарды оқи бермейді. Көпшіліктің уақыты да жағдайы да жоқ. Ол кітаптарды таралымы да мәз емес екені тағы бар.

Сондықтан кино туындылары арқылы ұлттың тарихын жырлау, ұлттың рухын биік деңгейге көтеру, рухани жаңғырту бүгінгі күннің ертеңге қалдыруға болмайтын талабы.

Бердалы ОСПАН.

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Камиль Муллашев: Сүйімбике азаттық ескерткішіне айналады

Камиль Муллашев – гиперреализм жанрын Кеңес Одағына әкелген алғашқылардың бірі. Муллашев шығармалары күрделі стилистика мен ...