«Ана тілі – біртұтас Моңғолия". Ұлан-Баторда тұңғыш рет тіл кеңесі өтіп жатыр

226
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/f91hf0lX7O4qGC82ZIuh0O6IaPh6zPTsJZCUvIzz.webp

Моңғолия астанасы Ұалан-Баторда ел президентінің бастамасымен «Ана тілі – біртұтас Моңғолия» атты алғашқы ұлттық кеңес ұйымдастырылды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Іс-шара мемлекеттік сарайда өтіп жатыр.

Жиынға елдің түкпір-түкпірінен ғалымдар, зерттеушілер, тіл және әдебиет мамандары, білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі педагогтер қатысуда. Олар ана тілін дамыту мен тіл саясатының басым бағыттарын талқылап жатыр.

Кеңесте моңғол тілін, дәстүрлі жазуы мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жаңарту, білім беру әдістемелерін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар ана тілі мен ұлттық мәдени мұраны келер ұрпаққа сабақтастықпен жеткізу жолдары қарастырылуда.

Қазір Моңғолияның білім беру жүйесінде алты ауқымды реформа жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі бағыттарының бірі – ана тілінде білім беруді дамыту және балалардың мәтінді түсініп оқу дағдысын қалыптастыру.

Бұдан бөлек, SAT халықаралық емтихан жүйесіне ұқсас форматтағы қабылдау сынағын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оны 2027 жылдың көктемінде сынақтан өткізу жоспарланған. Емтихан оқушылардың моңғол тілі грамматикасын меңгеру деңгейін ғана емес, ана тіліндегі білімін өзге академиялық пәндерді игеру барысында қолдану қабілетін де бағалауға бағытталған.

Форум барысында «Оқитын бала – ойлы Моңғолия» атты ұлттық бастама көтерілді. Жоба балалардың оқу сауаттылығын арттырып, кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыруды көздейді.

Сондай-ақ моңғол тілінің цифрлық ресурстарын дамыту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, дәстүрлі жазумен жазылған мәтіндерді өңдеу, орфографиялық және стилистикалық қателерді тексеру, кирилл және дәстүрлі жазу арасындағы мәтіндерді түрлендіру құралдарын әзірлеу жоспарланып отыр. Бұған қоса, сөйлеуді тану және машиналық аударма технологияларын жетілдіру көзделген.

Бұл бастамалар моңғол тілінің жасанды интеллект саласында қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Комментарии