Қоғамдық келісім: атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттер талқыланды

37
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5kUo4hr19nBLFICTpIwdsHHsr7wIg9n7mmHuToAB.jpg

Ақмола облысында қоғамдық келісімді сақтау мен этносаралық татулықты нығайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі сараланып, алдағы кезеңнің басымдықтары айқындалды.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова «Қоғамдық келісім» КММ-де этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдерімен кездесті.

Кездесуде биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, келесі жылға арналған жоспарлар ортаға салынды. Әңгіме тек өткеннің есебімен шектелген жоқ. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірлік деңгейде жүзеге асыру мәселелері де кеңінен қозғалды.

Атап айтқанда, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыру, этносаралық татулықты сақтау және қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету бағыттарына ерекше назар аударылды.

Жиында қоғамдық құрылымдардың өкілдері өз салалары бойынша алдағы жұмыс жоспарларын таныстырды. «Ел жастары» РҚБ Ақмола өңірлік өкілдігінің төрағасы М. Давранов жастармен жұмыс және олардың қоғамдық өмірге араласуы жөніндегі бастамаларымен бөлісті.

Медиация кеңесінің төрағасы Г. Мәдиева қоғамдағы өзара түсіністік пен даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешудің маңызын атап өтсе, Аналар алқасының төрағасы А. Жахина отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты жұмыстарға тоқталды.

Ал Журналистер клубының төрағасы Г. Салық ақпараттық бағыттағы міндеттерді ортаға салды. Ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы М. Өтегенов қоғамдық үдерістерді сараптамалық тұрғыдан зерделеу мен ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу мәселелеріне назар аударды.

Қоғамдық келісім бір ғана мекеменің немесе жекелеген ұйымның күшімен қалыптаспайды. Ол - түрлі қоғамдық институттардың өзара сенімі, ортақ жауапкершілігі және күнделікті жүйелі жұмысының нәтижесі.

Сондықтан мұндай кездесулердің мәні атқарылған істі түгендеумен ғана өлшенбейді. Ең бастысы - әр құрылымның қоғам алдындағы міндетін нақтылап, ортақ мақсат жолындағы іс-қимылын үйлестіру.

Комментарии