Тауман. Мұхамет Тілеубай

388
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yJUUPMs4v98N6OZn9MMFSKNaDDL4NVGC5TqbkiEx.png

Бұл өзі бір-ақ күнде болған оқиға. Басқа күндері дәл осылай қайталанып жататынын жергілікті тұрғындардан да білу қиын. Оның себебі көп... Себебін түсіндірместен бұрын, не болғанын айтқаным дұрыс болар. Жаз мезгілі еді. Дәл өзіміздің Көкшетау, Қопа жағалауында орын алды. 

Тұтастай қаланы алғанда, Қопа жағалауы – бақытты жандардың мекені деуге болады. Бұл шаһардың өзге бөлігінде «бақытсыздар тірлік кешеді» деген сөз емес. Тек бала Тауманның кездейсоқ келген сапарында байқағаны осы еді. Сол күні кеште оның шешесі үйге бөтен ер адаммен бірге келген. Кейін анасының айтқандарын қабылдай алмаған Тауман үйден кетіп қалады. Бойын кернеген ыза оған күш бергендей, қаланың қиыр-шиыр көшелерін кесіп өтіп, «Ақжелкеннің» тұсынан жағалауға бір-ақ шығады. 

Күн ұясына батып барады екен. Су бетіне қызғылт сәуле жайылып, алыстағы жағалау көгілдір мұнарға сіңіп барады. Тауман біраз тұрды. Қалтасындағы қолын шығарды. Саусақтарының тырнаққа дейін батып кеткенін сонда байқады. Алақанын жазып, қайта жұмды. Жағалаумен адамдар серуендеп жүр. Бір әйел кішкентай баласының бас киімін түзеп, маңдайынан сүйді. Әкесі баласына велосипед тебуді үйретіп жатыр. Бала теңселіп барып құлаған сайын әкесі қолтығынан демеп көтереді. Әріде қарт кісі немересінің иығына күртесін жауып қойды.Тауман олардың жанынан үнсіз өтті. Бір кезде велосипедтен құлаған бала жылап жіберді. Әкесі тізерлеп отырып, оның тізесін үрледі.

– Ештеңе етпейді. Тағы бір көрейік, – деді.

Тауман жүрісін баяулатты. Өзінің де бір кезде велосипедтен құлағаны есіне түсті. Әкесі сол кезде жанында болған ба? Әлде анасы ма? Есіне түсіре алмады. Есінде қалғаны – тізесіндегі қан мен үйге дейін көтеріп әкелген біреудің жылы қолы.

Көлге қайта қарады. Су бетінде күннің соңғы шапағы қалтырап тұр. Ол анасының сөздерін есіне алды: «Бізге кеңірек үй керек, балам. Сенің сабағыңа да тыныш орын болғаны дұрыс». Сол кезде мән бермеген. Кейін анасының түн ортасына дейін тігін тігіп, таңертең жұмысқа асығатынын көргенде ғана бұл сөздің ар жағында қанша шаршау жатқанын сезген.

Бірақ, ол адамның үйге келгені бәрібір ұнамады. Анасының жанында басқа біреудің отырғанын көру... Тауманның тамағына әлдене кептеліп қалғандай болды. Ол анасының бақытты болғанын қаламай ма? Қалай қаламасын. Тек сол бақыттың ішінде өзіне орын қалмай қала ма деп қорықты. Бұл ойын ешкімге айта алмайтын.

Қара бұлт көлдің арғы бетінен баяу көтеріліп келе жатты. Жел тұрып, су беті ұсақ толқынға айналды. Жағалаудағылар жинала бастады. Балықшылардың бәрі қармағын иығына асып, үйіне беттеді. Ал бір қарт балықшы орнынан қозғалмады.

Ол жалғыз отыр екен. Қармағы суға тасталған, жанындағы шелек бос. Қарттың иығы сәл еңкіш, басы төмен. Тауман өтіп бара жатып, неге екенін білмей, тоқтады.

– Балық түспеді ме? – деді. 

Қарт басын көтерді.

– Бүгінше жоқ.

– Онда неге кетпейсіз?

– Күтіп отырмын.

– Нені?

Қарт көлге қарады.

– Өзім де білмеймін. Кейде адам не күтіп отырғанын ұмытып кетеді.

Тауман қарттың қасына жақындады. Қарт орындықтың шетін нұсқады.

– Отыр, балам. Жел күшейіп келеді.

Тауман отырды. Қарт оған тесіле қарамады, жөн сұрап мазаламады. Қармағының жібін саусағымен сипалап отырды.

– Үйің алыс па? – деді біраздан соң.

– Жоқ.

– Жалғыз жүрсің бе? 

– Иә.

– Үйдегілер біле ме?

Тауман иығын көтерді.

– Анам үйде.

– Іздемей ме?

– Менің кеткенімді білмейді.

Қарт жіптің түйінін шешіп отырып, басын изеді.

– Ренжісіп қалдыңдар ма?

Тауман үндемеді. Көлге қарады. Толқын жағаға келіп соғылып, қайта шегінді.

– Үйге бір адам келді, – деді ол ақыры. – Анаммен бірге.

–  Танысы ма?

– Білмеймін. Маған бәрібір. Келмесе екен.

– Неге?

–  Ол анамды алып кетеді.

Қарттың қолы жіп үстінде тоқтап қалды.

– Анаңды қайда алып кетпек?

– Өз үйіне шығар.

– Оны анаң айтты ма?

– Жоқ. Бірақ түсінікті ғой.

– Түсінікті дегенің кейде өзіміз ойлап тапқан жауап болып шығады, балам.

Тауман қабағын түйді.

– Сіз оны танымайсыз. 

– Рас. Танымаймын. 

– Онда неге оны жақтайсыз?

– Жақтап отырған жоқпын. Сенің неге бұлай ойлағаныңды білгім келеді.

Тауман жауап бермеді. Қарт та қыстамады. Біраздан соң бала өзі сөйлей бастады.

– Анам мен үшін көп жұмыс істейді. Кеш келеді. Кейде тамақ ішпей ұйықтап қалады. Бірде түнде оянсам, асүйде отырып жылап отыр екен. Мені көргенде көзіне түскен жасын сүртіп, пияз турап отырғандай болды. Мен ештеңе сұрамадым. 

Қарттың саусақтары жіптің түйінін босатты. 

– Бүгін сол кісі келгенде анамның жүзі басқаша болды, – деді Тауман. 

– Көптен бері күлмегендей күлді. Соны көргенде... білмеймін. Ашуландым. Өзіме де ұнамады. Бірақ ашуландым. 

– Сен анаңның күлгенін көргің келмей ме?

– Келеді.

– Ендеше?

– Бірақ мені ұмытып кетсе ше?

Бұл жолы қарт бірден жауап бермеді. Жел оның жұқа күртесінің етегін көтеріп, қайта түсірді. Ол қармағын жайлап жинай бастады.

– Сен оны жоғалтып алудан қорқасың ғой, – деді ақырын. Тауман қартқа қарамады. Тек иегін кеудесіне түсірді.

– Мен де бір кезде бір адамды жоғалтып алудан қорыққанмын, – деді қарт.

– Кімді?

– Ұлымды...

Тауман басын көтерді. Қарттың көзі көлдің арғы жағында еді.

– Енді түсінікті болды, – деді ол ақырын. – Бірақ анаңды бірден кінәлай көрме, балам. Ол сенің жалғыз жанашырың ғой. Барлығын сен үшін істеп жүргеніне күмәнданба.

– Білемін, – деп Тауман басын төмен түсірді.

– Білсең, үйіңе қайта ғой. Анаңды алаңдатпа. Қалғанын екеуің сөйлесіп шешерсіңдер. Сен де ер жетіп қалдың ғой.

Қария баланың басынан сипады.

– Мен ол адамды жек көремін. Жаман адам. Оған бала болғанша, өлгенім артық, – деп қалды Тауман.

Балықшы бұл сөзден сескенгендей, балаға оқыс бұрылды.

– Неге олай дейсің? Оның жаман-жақсысын қалай ажыратып алдың?

– Сіз оның түрін көрсеңіз ғой. Қарны шыққан, беті табақтай. Көздері қорқынышты. Өзі бір бастық болса керек. Қымбат киім киеді, дәу қара машинасы бар, – деді де, сәл кідіріп барып сөзін жалғады. – Анам соның дүниелеріне қызықты деп ойлаймын. Бізде олардың ешқайсысы жоқ.

Қария үнсіз тыңдады.

– Балам, адамның сырт келбетіне қарап баға беруге болмайтынын білесің ғой. Мүмкін, сен ойлағандай емес шығар. Ал анаң жайлы жаман сөз айтпа.

– Мен анамды жамандамаймын! – деді Тауман даусын көтеріп. Сәлден соң бәсеңдеді. – Мен оны жақсы көремін. Күндіз-түні жұмыс істейді. Шаршаса да білдірмейді.

Ол тізесіне қарады.

– Ажырасқаннан кейін барлық туыстарымыз араласпай кетті. Жалғыз нағашы апайым ғана «бұл істе анамның кінәсі жоқ» дейді. Мен ештеңенің байыбына бармасам да, айналамдағы адамдардың мүсіркеуі, сыныптастарымның көзқарасы, кейбіреулердің сыпсыңы мезі қылады. Ештеңені білмейді деп ойлайды ғой...

Тауман сөзін үзіп, жұтынып алды.

– Сол уақыттардан бері анам барлық қиындықты жалғыз көтерді. Мені оқытты, бәрінен қорғады. Күн өткен сайын соны сезіп келемін. Оңай емес екенін де түсінемін.

Ол қарияға бір қарап қойды.

– Оның үстіне анам жас. Мені туғанда жиырма бір жаста ғана болған екен. Және анам өте сұлу. Ана «бастық сымақ» анамды сол үшін айналсоқтап жүр. Оны да білемін. Иә, анам кең, жаңа үй алғысы келеді. Қазір біреудің ескі бір бөлмелі пәтерін жалдап тұрамыз. Маған да жақсы өмір сыйлағысы келеді. Ана «сұмырай» соның бәрін істеймін деп анамды арбап отыр. Ал анашым өзін құрбан етіп, оның әйелі болмақшы. Мүмкін, тоқалы да шығар…

Соңғы сөзін айтқанда даусы дірілдеп кетті. Тауман ернін тістеп, көз жасын жеңімен сүртті.

– Сөйтіп бақытқа жетпекші... Осыны дұрыс деп ойлайсыз ба? Сіз жаңа маған оның түріне қарап баға берме дедіңіз. Мен естігендерімді айтпағанда, жамандығын көзіммен көрген соң жек көріп отырмын.

Қария бірден жауап бермеді. Баланың иығына қолын қойды.

– Балам, мен көпті көрдім десем де, сенің жүрегіңдегі қайғыны дәл өзіңдей түсіне алмаймын. Өзің де көп дүниені ерте көріп, көңіліңді ерте бекіткен бала екенсің. Өмірде өзің ғана басып өтетін жолдар, өзің ғана күресуге тиісті қиындықтар болады. Мен де сендей бала болдым. Өзім сенген әділдік үшін күрескім келді. Күресім әлі аяқсыз келеді…

Қария біраз үнсіз қалды. Сосын Тауманды еріксіз бауырына басып, маңдайынан иіскеді. Бала да қарсылық білдірмеді. Басында тарамысты денесімен көзіне қораш көрінген қария енді жақынындай болып бара жатты. Бір рет жүздерін көрмеген өзінің ата-әжелері де бұлай еміренбеген соң, жақын сезілмей қайтсін?!

Балықшы қараусыз қалған заттарын жинай бастады. Тауман оның сөздерін үнсіз тыңдап отырды.

– Біз, адамдар, өзгенің құлағына ақыл айтқыш келеміз. Ал жүрегімен санасуға келгенде… – Қария сөзін аяқтамай, көлге көз тастады. – Мына Қопа да бір кезде тұнық еді. Қазір оған да тазалық жетіспейді. Жалғыз сырласым – осы ғана. Ех, кірлеген жүрегіммен мен де келе беремін…

Қария орнынан көтерілді.

– Қош бол, бала! Қош бол, Қопа! Саған таза жүректі жаңа сырлас келді. Менің де күткенім осы еді ғой…

Басы кеудесіне түсердей төмен қарап, қарияның сөзін үнсіз тыңдап отырған Тауман соңғы сөздердің күңгірттеніп, алыстап бара жатқанын сезді. Басын көтеріп еді, балықшы ұшты-күйлі жоқ. Өз көзіне өзі сенбей, жан-жағын қадағалай бастады. Айналадан көз тоқтатар қарайған таппады. Жанұшыра жақынын жоғалтқандай:

– Ата! – деп айқайлай, жағалау жиегіне дейін барды.

Алыс-жақыннан көрінген бірен-саран адамдардан басқа, мұнда да ештеңе жоқ. Булыққан жасын тағы бір мәрте төгіп-төгіп алып, жағалаудағы орынға қайта келді. Баяу самалдан толқыған Қопа ғана анда-санда сылдырай келіп, жағаны соғады. Бағанағы түнерген аспан сәл сейіліп, қара бұлты іртіктеніп, кеш әлеті орнай қалыпты.

Тауман болған оқиғаны ой елегінен өткізгісі келген еді, ештеңені түсініп болмады. Бәрі түс сияқты. Тіпті, үйде болған оқиғалар да. Тек қарияның алақаны маңдайына тиген сәт пен кеудесінде қалған әлдебір жылылық қана анық еді. Ол жылылық мұңын сейілтпесе де, жалғыздықтың салмағын жеңілдеткендей болды. Тауман орнынан баяу көтеріліп, көлге соңғы рет қарады. Қопа қарауыта бастаған айдынында кешкі аспанның бозамық сәулесін тербетіп жатты. Көл бетіндегі әлсіз жылтыл оның бытыраған ойларындай бір көрініп, бір жоғалды. Анасына деген өкпесі әлі басылған жоқ. Бірақ бұрынғыдай жүрегін қысып, оны тұйықтап тастамаған. Өкпесімен бірге анасын түсінуге деген әлсіз талпыныс та оянғандай еді. Сол сәтте ғайып болған қарияның даусы құлағына қайта естілгендей болды:

«Саған таза жүректі жаңа сырлас келді…»

Тауман қарияның кім болғанын да, қайда жоғалғанын да білмеді. Бірақ оның сөзін ақылымен емес, жүрегімен ұққандай еді. Адамды кейде ақыл айтатын емес, мұңын бөлмей тыңдайтын бір жанның бар екенін сезіну жеңілдетеді екен. Ол үйіне қарай аяңдады. Болған оқиға Тауманға ой салғанымен, ол түпкілікті ойын өзгертпеді. Анасына ішкі қарсылығын ашық айтуды ұйғарды...

Жағалауда толқындар баяу сылдырлайды. Қопа бұрынғыдай суық көрінбеді. Кешкі сәуле көл бетінен өшіп, қара су түнге сіңе бастады. Ал Тауманның жүрегінде әлсіз болса да бір жарық қалды. 

Адамның жан дүниесіндей терең көлдің түбінде қаншама сыр жатқанын кім білсін?..

 

 

Комментарии