Жамбыл облысының Бурыл ауылында тұрғындар арасындағы жанжал атысқа ұласты. Оқиға салдарынан төрт адам зардап шегіп, екеуі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды «Адырна» КТК арнасына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал ақшаға байланысты туындаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ауыл тұрғындарының бірі ұялы телефон сатып, алайда ақшасын ала алмаған. Кейін сатушы қарызын қайтаруды талап ету үшін тағы үш адаммен бірге сатып алушының үйіне барған. Осы кезде оларға оқ атылған.
Дәрігерлер төрт адамды тексергеннен кейін екеуін үйіне жіберсе, қалған екеуін ауруханаға жатқызған. Оқ атқан күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелдінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
