Трамптың тар жол, тайғақ кешуі. Аралық сайлауда демократтар жеңіп келеді

172
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HmXBTNVQoM7DOuHD3Q3XizPmFI1rN4B8F82kgSXF.webp

Фото: Reuters 

АҚШ-та өтіп жатқан конгрестің аралық сайлау нәтижелері елдің саяси өмірінде елеулі өзгерістерге жол ашуы мүмкін. Алдын ала болжамдарға сәйкес, Демократиялық партия Өкілдер палатасы мен Сенаттағы басымдықты республикашылдардан тартып алуға жақын. Бұл Дональд Трамп әкімшілігінің алдағы екі жылдағы жұмысына айтарлықтай ықпал етуі ықтимал, деп хабарлайды "Адырна".

BBC-дің медиасеріктесі CBS News мәліметінше, демократтар Өкілдер палатасындағы біраз орынды иеленеді деп күтілуде. Ал Сенатта партия өкілдері кемінде 51 орынға қол жеткізуі мүмкін. Айова штатында демократ Джош Туректің жеңіске жетуі партияның Сенаттағы басымдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Сайлаудың алдын ала қорытындылары республикашылдар үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені демократтар бұған дейін қарсыластарының дәстүрлі тірегі саналған бірнеше штатта жеңіске жетті.

Мәселен, Техас штатында демократ Джеймс Таларико республикашыл Кен Пакстоннан басым түсті. Бұл штатта демократтар соңғы 30 жылдан астам уақыт бойы мұндай жеңіске жете алмаған. Оңтүстік Каролинада Энни Эндрюс республикашыл сенатор Дарлин Грэмді жеңсе, Огайода демократ Шеррод Браун Сенаттағы орынды иеленді.

Трамп әкімшілігін қандай өзгерістер күтіп тұр?

Демократтардың екі палатада да басымдыққа ие болуы Дональд Трамптың заңнамалық бастамаларын жүзеге асыруын қиындатуы мүмкін. Сонымен қатар президент әкімшілігінің қызметіне қатысты тергеулердің көбеюіне жол ашылады.

Конгрестегі көпшілік орын демократтарға бірнеше маңызды мүмкіндік береді. Олар Ақ үй ұсынған заң жобаларының қабылдануына тосқауыл қойып, әкімшілікке қатысты даулы мәселелер бойынша арнайы тергеулер жүргізе алады. Сондай-ақ жауапты тұлғаларды комитет отырыстарына шақырып, көпшілік алдында түсініктеме талап етуге құқылы.

Бұдан бөлек, бюджет қаражатын бөлу мәселесінде де демократтардың ықпалы артады. Мысалы, олар Трамп әкімшілігінің Иммиграция және кедендік бақылау қызметіне (ICE) бөлетін қаржысын мақұлдамауы мүмкін. Ал Сенаттағы басымдық федералдық министрлер мен судьялыққа ұсынылған кандидаттарды бекітуге де әсер етеді.

Дегенмен демократтардың жеңісі Трамптың президенттік қызметтен бірден кетуіне әкелмейді. Президентке импичмент жарияланған күннің өзінде оны қызметінен шеттету үшін Сенаттағы 100 сенатордың кемінде 67-сінің қолдауы қажет. Қазіргі болжам бойынша, демократтардың мұндай басымдыққа қол жеткізуі екіталай.

АҚШ президенті Дональд Трамп сайлаудың алдын ала нәтижесіне қатысты Truth Social әлеуметтік желісінде пікір білдірді. Ол өзінің есімі бюллетеньдерде болмағанын айтып, егер өзі сайлауға қатысқанда, республикашылдар сенімді жеңіске жетер еді деген ойын жеткізді.

Кейін The New York Times басылымына берген сұхбатында Трамп сайлау нәтижелерін қабылдауға және саяси қарсыластарымен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

«Біз олармен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Бәлкім, ортақ келісімге келетін мәселелер де табылар», – деді ол.

Жаңадан сайланған конгрессмендер мен сенаторлар 2027 жылдың қаңтар айының басында қызметіне кіріседі.

Комментарии