Түркия БҰҰ Бас хатшысы қызметіне өз кандидатын ұсынды

105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/B30v6CR8CazZO9P9ervmrHVT4qO7fAvoVgeqFmvf.webp

Фото: oxu.az

Түркия Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы лауазымына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) қазіргі бас хатшысы, бұрынғы сыртқы істер министрі Феридун Синирлиоғлудың кандидатурасын ресми түрде ұсынды. Бұл туралы Түркияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Ахмет Йылдыз Anadolu агенттігіне мәлімдеген, деп хабарлайды "Адырна".

Оның айтуынша, кандидатураны ұсыну туралы хат БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасына жолданған.

Дипломаттың сөзінше, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Феридун Синирлиоғлудың кәсіби біліктілігін, халықаралық тәжірибесін және оған деген сенімді ескере отырып, бұл кандидатураны ұсынуды жөн көрген.

Ахмет Йылдыз қазіргі уақытта БҰҰ Бас хатшысы лауазымына қатысты ортақ келісілген кандидаттың жоқ екенін атап өтті. Осыған байланысты Түркия ұйымның жұмысына қолдау көрсету мақсатында өз үміткерін ұсынған.

Сондай-ақ Анкара Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен кандидат ұсыну дәстүрін құрметтейтінін жеткізді. Дипломаттың айтуынша, Түркия осы уақытқа дейін дәл осы себеппен үміткер ұсынуға асықпаған.

Айта кетейік, Феридун Синирлиоғлу 2015 жылдың тамызынан қарашасына дейін Түркияның сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Ал 2016–2023 жылдары елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған. Қазіргі уақытта ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметін атқарып келеді.

Комментарии