Halyk Bank «ҚазАвтоЖол» жобасын қаржыландырды

289
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LBohIBEcyii9SauR9Z55fu9hSukTNZ7lucrmwqMI.jpg

Жол саласын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға екінші деңгейлі банктерді тарту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, Halyk Bank және Қазақстанның тағы екі банкі арасында келісімге қол қойылды.

Келісім бойынша $700 млн-ға дейінгі көлемде қаржыландыруды тарту көзделген. Қаржыландыру бұрын Қазақстан Даму Банкінен (ҚДБ) қолдау алған ұлттық компания жобаларына арналған инвестициялық пулды одан әрі дамытуға және кеңейтуге жұмсалады.

Бұған дейін автомобиль жолдарын жөндеу және жаңарту жобаларын іске асыру үшін ҚДБ қаражаты тартылатын. Жаңа келісімге сәйкес ынтымақтастық ұзақ мерзімді форматқа өтеді, яғни қаржыландыру 2034 жылға дейін беріледі. Синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастырушы және агент-банк Halyk Bank болып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, қол жеткізілген уағдаластықтар кредиттік жүктемені қаржы институттары арасында қайта бөлуге және жаңа басым инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін ҚДБ кредиттік лимитінің бір бөлігін босатуға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктердің неғұрлым белсенді қатысуы және ірі жобаларды іске асыруға жеке капиталды тарту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бүгін біз осындай өзара әрекеттестіктің нақты мысалын көріп отырмыз. Бұл жерде сөз жол құрылысына жаңа қарыз алу туралы емес, коммерциялық банктердің қаражаты есебінен ҚДБ алдындағы қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыру туралы болып отырғаны аса маңызды. Бұл банк секторының инфрақұрылымды қаржыландыруға қатысуын арттырып қана қоймай, даму институтының ресурстарын жаңа жобаларды іске асыруға бағыттауға мүмкіндік береді»,— деп атап өтті вице-премьер.

Halyk үшін бұл жобаға қатысу – Қазақстанның көлік байланысын нығайтуға, аймақтарды дамытуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосқан үлесі. Сондықтан бұл келісімнің маңызы бір ғана қаржылық мәміленің аясынан әлдеқайда кең, деп атап өтті Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова:

«Ел үшін жүйелік маңызы бар жобаларды қолдау – Halyk үшін басым бағыттардың бірі. Біз бұл келісімге қатысуды Қазақстан экономикасы мен серіктестеріміз алдындағы ұзақ мерзімді жауапкершілігіміз ретінде қарастырамыз. Банктердің бірлесіп қатысуының маңыздылығын да ерекше атап өткім келеді. Қаржылық ресурстар мен кәсіби сараптаманы біріктіру осындай ауқымды жобаларды қолдауға және оларды іске асырудың барлық кезеңінде тиімді өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді».

Екінші деңгейдегі банктерді жол инфрақұрылымын дамытуға тарту ішкі инвестициялық ресурстарды қосымша жұмылдыруға және ірі ұлттық жобалардың мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай тетік коммерциялық банктердің, бюджет шығыстарын жұмсамай-ақ, экономиканы дамытуға анағұрлым белсенді қатысуына жағдай жасайды.

Комментарии