Ресейдің сұрауымен Астанада ұсталған украиналық әйел Қазақстаннан кетіп қалған

149
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OLjg1O5cXuJUhcR7gSscwFSepcwhiIlO6gMorN1n.jpg

Фото: Privat 

Ресейдің сұрауы бойынша Астанада ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская Қазақстаннан шығып, Еуропалық одақ елдерінің біріне барған. Бұл туралы DW басылымына оның адвокаты Алексей Прянишников хабарлаған, деп жазады "Адырна".

Рожанская 2026 жылғы 1 қазанда Астанада Ресейдің бала ұрлау туралы күдігіне байланысты ұсталған. Адвокаттың айтуынша, сот үш күн ішінде оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдауы керек болған. Алайда мұндай шешім қабылданбағандықтан, әйел тергеу изоляторынан босатылып, кейін Қазақстаннан кеткен.

Оны босатуға Украина Сыртқы істер министрлігі мен елдің омбудсмені Дмитрий Лубинец күш салған. Бұған дейін адвокат Қазақстан тарапы Украинамен Рожанскаяның тағдырына қатысты сындарлы диалог жүргізіп жатқанын айтқан. Алайда Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) арқылы жолдаған экстрадициялау туралы сұрауы кері қайтарылмаған.

DW мәліметінше, Любовь Рожанская 1 қазанда немересін Украинаға қайтару үшін Астанаға келген. Бала 2021 жылы анасымен бірге Ресейдің Калининград облысына кеткен.

Баланың анасы Алла Андреева бұрын Одессада отбасымен тұрған. 2020 жылы бірінші күйеуімен ажырасқаннан кейін ресейлік теңізші Виталий Андреевке тұрмысқа шыққан. Бір жылдан соң ұлымен бірге Ресейге барып, сол жақта қалған. Кейін баласы екеуі Ресей азаматтығын алған.

Украинадағы сот процестерінің нәтижесінде баланың тұрғылықты жері әкесі тұратын Одесса қаласы болып белгіленген. NV.ua басылымының хабарлауынша, баланың әкесі Украинаның қорғаныс күштерінде қызмет етеді.

Адвокаттың сөзінше, баланың украиналық туыстары бірнеше жылдан бері оны елге қайтаруға әрекеттенген. 2023 жылы Рожанскаяның тапсырмасымен Калининград облысына барған екі украиналық азамат ұсталып, 2025 жылдың қазанында 15 және 16 жылға бас бостандығынан айырылған. Оларға шекараны заңсыз кесіп өту, тыңшылық және адам ұрлауға оқталу айыптары тағылған.

Рожанскаяның адвокаттары әйел Ресейде өзіне қатысты қылмыстық істер қозғалғанын білмегенін айтады. Алексей Прянишниковтың мәліметінше, бала ұрлау туралы іс 2025 жылы қозғалған. Бұл туралы Рожанская 2026 жылдың қазанында Қазақстаннан экстрадициялауға қатысты құжаттармен танысқанда ғана білген. Сонымен қатар оған қатысты заңсыз көші-қонды ұйымдастыру туралы тағы бір іс болғаны анықталған.

Адвокат бұл істің саяси астары бар деп есептеп, Рожанскаяның Астанада ұсталуын Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі ұйымдастырған арандату деп бағалаған. Алайда бұл – қорғаушының пікірі.

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Рожанская немересінің әкесі, яғни ұлының ресми тапсырмасы негізінде әрекет еткенін мәлімдеген.

Ал Украина омбудсмені Дмитрий Лубинец Қазақстандағы әріптесі Артур Ластаевқа үндеу жолдап, әйелді Ресейге экстрадициялауға жол бермеуге шақырған. Оның пікірінше, Рожанскаяны Ресейдің күштік құрылымдарына беру жеке қауіпсіздігіне және негізгі құқықтарының сақталуына қатер төндіруі мүмкін.

Лубинец сонымен қатар Рожанскаяның Астанаға ұшар алдында алғаны айтылған бейнежазбаны жариялаған. Кадрларда оның немересі Калининград әуежайында чемодан ұстап, баланың өгей әкесімен бірге жүргені көрінеді. Адвокаттың пайымдауынша, бұл видео әйелді Қазақстанға келуге көндіру үшін пайдаланылған болуы мүмкін.

DW 7 қазанда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне Рожанскаяның ұсталуына қатысты сауал жолдаған. Алайда материал жарияланғанға дейін редакция ресми жауап алмаған.

Қазіргі уақытта Любовь Рожанская Еуропалық одақ елдерінің бірінде жүр. Ресейдің экстрадициялау туралы сұрауының кейінгі тағдыры жөнінде жарияланымда нақты ақпарат берілмеген.

Комментарии