Тегеран қару-жарақ пен қорғаныс техникасын өндіру қуатын 2,5 есеге арттырды. Бұл туралы елдің Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Реза Талаиник мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «РИА Новостиге» сілтеме жасап.
«Елдегі қару-жарақ пен қорғаныс мақсатындағы техникаларды өндіру қуаты Рамазан айындағы соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда (АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысының ақпан айының соңынан сәуір айының басына дейінгі шиеленіскен кезеңі – ред.) 2,5 есеге өсті. Ал қару-жарақтың жекелеген түрлері бойынша өндіріс көлемі үш еседен астам артты», – деді ол.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иран аумағындағы нысандарға соққы жасай бастаған еді. Бұған жауап ретінде Иран тарапы да өз соққыларын жасаған.
Маусым айының ортасында Тегеран мен Вашингтон әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы меморандумға қол қойды. Алайда кейін тараптар қайтадан өзара соққы алмасты. Қазіргі уақытта қақтығыс әлі де реттелмеген күйінде қалып отыр.
