Қасақана өрт қою мен бала ұрлағандарға өлім жазасын енгізу ұсынылды

92
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LRadFSRJ7MufPyZvp2dpj6mxueorcOq7sIIn5z2H.webp

Алжир парламентінің төменгі палатасы Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды “Адырна” Анадолыға сілтеп. 

Құжат қасақана өрт қойған және бала ұрлаған адамдарға өлім жазасын тағайындауды көздейді.

Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік немесе жеке меншік нысандарын шетелдік тұлғалардың тапсырмасымен қасақана жою, мемлекеттік опасыздық, тыңшылық немесе ұйымдасқан қылмыс аясында орман мен егістік алқаптарын өртеу өлім жазасына әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ бала ұрлағаны үшін де ең ауыр жаза қарастырылған. Егер қылмыс кезінде азаптау, жыныстық зорлық немесе балаға қатысты өзге де зорлық-зомбылық жасалса, жауапкершілік күшейтіледі.

Құжатта мұндай қылмыстарға қатысты жеңілдететін мән-жайларды қолдануға шектеу қою ұсынылған. Заң жобасы алдымен парламенттің жоғарғы палатасы — Ұлт кеңесінде үштен екі емес, төрттен үш көпшілік дауыспен мақұлдануы тиіс. Одан кейін президент қол қойып, ресми басылымда жариялаған жағдайда күшіне енеді.

Алжирде өлім жазасы заңнамада бірқатар қылмыс үшін сақталғанымен, оны орындауға 1993 жылдан бері мораторий енгізілген.

Комментарии