Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қашаған кен орнын игеруші NCOC компаниясының 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұлды өндіріп алуға байланысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы талабын қанағаттандырмады. Сот шешімі 2026 жылғы 23 қыркүйекте қабылданған, деп хабарлайды "Адырна".
Компания соттан мемлекеттік сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді бастау туралы 21 шілдедегі қаулысын, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарына тыйым салу жөніндегі қаулыларды заңсыз деп тануды сұраған. Бұдан бөлек, NCOC 23 және 30 шілдеде белгілі бір әрекеттерді жасауға енгізілген шектеулердің күшін жоюды талап етті.
Алайда сот компанияның аталған талаптарының барлығын қанағаттандырудан бас тартты. Сот актісіне түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде апелляциялық тәртіппен шағым беруге болады.
2,3 трлн теңге көлеміндегі талапты Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы енгізген. Бұған Қашаған кен орнында күкіртті белгіленген мөлшерден артық сақтау фактілері негіз болған.
NCOC компаниясы айыппұлмен келіспейтінін айтып, халықаралық төрелік рәсімдерге жүгінген. Ал Қазақстан тарапы сот шешімінің заңды күшіне енгенін және оны орындау міндетті екенін мәлімдеген.
Атқарушылық іс жүргізу басталғаннан кейін Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов өндіріп алу жөніндегі атқарушылық құжатты орындау мерзімі екі ай екенін айтқан.
Алайда 7 қыркүйекте 2,3 трлн теңгені өндіріп алуға қатысты атқарушылық іс уақытша тоқтатылғаны белгілі болды. Бұл ақпарат атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде көрсетілген.
Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізудің уақытша тоқтатылуын NCOC компаниясының мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағым түсіруімен байланыстырды. Осыған байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан.
Енді соттың 23 қыркүйектегі шешімі апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
В 2023 году местными исполнительными органами города Конаев и районов определены неиспользуемые пастбищные угодья 601 субъекта общей площадью 285,5 тыс. га
