Қала тазалығына жауапты жан еңбегін қоғам бағаласа екен дейді

147
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/G023UkXAKvz3xRqVi7FvlmcNMH0BCCYAs93gpx5u.jpg

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – Қазақстанда Еңбек күні. Қала тазалығын қолмен атқаратын адамдардың еңбегі қаншалықты бағаланып жүр? Олардың тыныс-тіршілігі қандай, кейіпкер сөйлейді.

Әр таң сайын қала тұрғындары жылы үйінен шығып, таза көшелермен жұмысқа, сабаққа барады. Бұл күнделікті қарапайым көрініс болғанымен, осы тазалықтың артында таң атпай еңбекке кірісетін жандар бар. Солардың бірі – Гүлнар Нұрмышева.

Кейіпкеріміз – 1969 жылы Ерейментау ауданының тумасы. Гүлнар Нұрмышева – екі баланың анасы, бүгінде немерелерінің сүйікті әжесі. Тазалық саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан маман қазір Астана қаласы Сарыарқа ауданында қолмен жинау шебері болып жұмыс істейді.

Ол Астанаға 1986 жылы студент болып келген. Сол уақыттан бері елордада тұрып келеді.

– Мен өмір бойы мұғалім болуды армандағанмын. Алғаш студент боп, 1986 жылы келгенде жас болдық па, білмеймін. Сол кезде жаныма еріп келген қыздар оқуға түсе алмай, мен де оқудан шығып кеткенмін.  Кейін техникумға барып, сатушы мамандығын таңдап, сол жақта оқыдым.

– Қазір «Астана тазалықта» жұмыс істейсіз. Қай жылы орналастыңыз, атқаратын қызметіңіз қандай?

– Негізі бұл салада 1999 жылдан бастап жұмыс істеймін. Кезінде «Горкомхоз» болатын. Сосын ол мекеме банкрот болып, жабылды. 2008 жылдың 1 қазанында «Астана тазалық» ашылып, сол сәттен бері осы мекемеде жұмыс істеп келемін. Қазір қолмен жинау шеберімін. 

– Ең алғаш тура 28 жыл бұрын еңбек жолыңызды бастаған екенсіз. Сол кездерді еске алайықшы.

 – Ол кезде жол жұмысшысы болып жұмыс істегенмін. Көше де сыпырдым. Содан, мүмкін менің еңбегімді бағалаған шығар, бригадир болдым. Одан осы қолмен жинау шебері болып көтерілдім. Одан басқа да үлкен қызметтерді ұсынды. Бірақ, мен бармадым. Өйткені қазір істеп жүрген жұмысым өзіме ұнайды, жаныма жақын. 

– Бас қаланың тазалығына жауап беретін мамансыз. Жұмысыңыздың қандай қиындықтары бар? 

— Біздің жұмыстағы ең қиын жағдай – қоғамда біздің еңбегіміздің бағаланбауы. Біздің еңбегімізді кейбір жұрт сыйламайды. Бірде мынадай жағдай болды. Мектеп оқушысы, түскі ауысымнан шықты. Бір ер бала қолындағы бөтелкені бізде жұмыс істейтін үлкен апайдың алдына лақтырып, жерге сындырды. Артынша келіп «Жина, мынау сенің жұмысың, жалақың», – дейді. Дәл солай айтты. Сол кезде баланың әкесі келіп «Мынау сенің анаңнан да үлкен адам, адамның еңбегін бағалап үйрен», - деп ұрысып берді. Кейін сол бөтелке қалдығын баласына жинатты. Осындай сәттер есте сақталып қалады. Біз тазалық істеп жүріп, талай жағдайды бастан өткіземіз. Бірер адам жақсы қарап, бата беріп жатса, біреулері керісінше ұрсып жатады. 

— Астана тұрғындары мен қонақтарының өткен жылдар мен бүгінгі уақыттағы тазалыққа деген көзқарасын қалай бағалар едіңіз?

— Алысқа бармай, 2005, 2006, 2010 жылдармен салыстырғанда, қазір тазалыққа жақсы қарайды. Өйткені бұрындары біздің еңбекті де бағаламайтын, өздері де тазалыққа қарамайтын. Өткен жылдары жолда келе жатып қағаздарын, қолдарындағы сусын бөтелкесін тастай салатын. Тіпті, шемішке шағып, отырған жерлерінде де ластайтын.

Кейін айыппұлдар салып бастады ғой. Түкіріп, қоқыс тастағаны үшін түрлі айыппұл арқалап жатты. Астаналықтар қазір көп тазалыққа көңіл бөлетін болды. Көшеге қоқыс тастайтындар азайды. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Әлі де арасында қоқысын тастап, бізге «жинаңдар» деп айтатындар кездеседі. Адам баласы әртүрлі ғой.

– Таңертең жұмысқа келе жатқанда не ойлайсыз?  Соны айтыңызшы

– Тaңертең жұмысқа келе жатқанда... шынымды айтайын, қыста алаңдаймын. Қыстың күні бүгін жол қалай екен, әріптестердің бәрі жұмысқа келе ала ма, келе алмай қала ма, оңып қала ма, автобустардың іші жылы ма екен, қалай келе жатыр екен деп ойлаймын. Біздің ауысымдарда арнайы көлік болады. Автобус үйден әкетеді. Мен үйден таңғы 04:00-де шығамын. Шынымды айтсам, тек шебер емес, сол жұмыста бригадир, медицина маманы, бәрінің жағдайын ойлап жүремін.

- Салада еңбек етіп жүргеніңізге 28 жылдан асыпты. 28 жыл деген бір адамның ғұмырындай уақыт. Осы аралықта еңбегіңіз еленді ме, марапатталдыңыз ба?

– Бағаланды. Қаланың әкімдерінен талай дипломдар алып жатырмын, министрден де алдым. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан Конституция күніне орай медаль да алдым. 

– Құпия болмаса, жалақы мен жұмыс кестеңіз туралы айтыңызшы.

– Құпия ештеңесі жоқ. Бізде үш ауысым жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы 06:00-ден 15:00 дейін. Екінші ауысым 15:00-ден 23:00 дейін. Үшінші ауысым 20:00-ден таңғы 05:00 дейін. Менің жалақым – 320-330 мың теңге.

– Жұмыс кестеңізді білдік. 8-9 сағат сыртта жүріп, жұмыс істейсіз. Ал жұмыстан тыс уақытта немен айналысасыз?

– Біздің жұмыс қауырт, жүйкені жұқартады. Мен үйге келгенде ең бірінші жуынуға жүгірмеймін. Алдымен музыка қоямын да, билеймін. Сол арқылы жүйкемді тыныштандырамын. Сосын жуынып, тамақ жасауға кірісемін. 

Бұрындары тоқымамен айналысатын едім. Компьютер деген көз жанарды құртты. Арасында тігінмен айналысатыным да бар. Кітап оқығанды ұнатамын. Психология жанрындағы кітаптарды көп оқимын.

– Жұмыстан тыс уақытта да әріптестеріңізбен араласыз ба?

– Менің тиктокта 2500-дай жазылушым бар. Билеп, түрлі видео түсіреміз. Әр мереке, жиындарда бригада болып жиналып, көңіл көтереміз.

– Қала таза болуы үшін халқы мен тұрғындарына не айтар едіңіз?

 – Астананың тұрғындары мен қонақтарына айтарым, тазалықты сақтау керек. Тазалық адамның өзінен басталады. Сосын, біз сияқты тазалықпен айналысатын адамдардың еңбегін бағаласа екен деймін. 

- Ашық әңгімеңіз үшін көп рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Комментарии
Другие материалы